Құрылтай депутаттарының төсбелгісі қандай болады және оны қашан алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Құрылтай депутатының төсбелгісі бұрынғыдан несімен ерекшеленеді / Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Құрылтай депутаттарының төсбелгісі бұрынғы Парламент депутаттарының төсбелгісінен өзгеше болады. Жаңа сайланған депутаттарға төсбелгі мен қажетті құжаттар партиялар мандат иелерін анықтап, олардың тізімін Орталық сайлау комиссиясына жібергеннен кейін табысталады. Бұл туралы ОСК отырысында комиссия хатшысы Шавкат Өтемісов пен ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.

Депутаттарға мандат қашан беріледі

ОСК хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялардың басшылық органдары отырыс өткізіп, мандаттарды кандидаттар арасында бөледі.

Партиялар қабылдаған шешімін Орталық сайлау комиссиясына жолдайды. ОСК мандат берілген депутаттардың тізімін алғаннан кейін тиісті құжаттарды дайындап, оларды табыстайды.

«Мандаттардың кандидаттарға берілуі партия басшылық органдарының қаншалықты жедел жұмыс істейтініне байланысты. Бізге мандаттарды кімдерге бергені туралы мәліметтер түскеннен кейін тиісті құжаттарды дайындауға аз ғана уақыт қажет», – деді Шавкат Өтемісов.

Осыдан кейін жаңа депутаттарға қажетті құжаттар мен депутаттық төсбелгі табысталады.

Құрылтай депутатының төсбелгісі қандай болады

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа төсбелгінің дизайны бұрынғы Парламент депутаттарының төсбелгісінен ерекшеленетінін айтты.

Оның сөзінше, Конституцияда Парламент ұғымы болмайды, сондықтан жаңа мемлекеттік органның атауына сәйкес төсбелгідегі жазу да өзгереді.

«Бұл – бүкіл Қазақстан халқын білдіретін маңызды мемлекеттік орган. Сондықтан депутаттың төсбелгісі де салмақты болуы керек», – деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, жаңа төсбелгіде қазіргі нұсқаның жалпы дизайны мен түстік шешімдері сақталған. Алайда көлемі кішірейіп, ықшам әрі жинақы етіп жасалған.

«Біз жалпы дизайнын және қолданыстағы төсбелгінің түстік шешімдерін сақтадық. Бірақ жаңа нұсқа әлдеқайда шағын, жинақы әрі біздің ойымызша, тартымдырақ болып шықты», – деді ОСК төрағасы.

Сонымен қатар жаңа төсбелгіде алтын қолданылмайды. Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұрынғы төсбелгіде болған алтын түсті металл енді пайдаланылмайды.

Еске салайық, Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттары сайлауының қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, бес саяси партия депутаттық мандаттарды өзара бөледі.

Сондай-ақ оқыңыз