Астанада тыңшылық жасады деген айыппен өзбек профессоры ұсталды

Астанада Өзбекстан азаматы, халықаралық қатынастар профессоры, 46 жастағы Икболжон Қарабаев ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша тыңшылық жасады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы профессордың туыстарының сөзіне сүйенген ВВС жазады.
Жақындарының айтуынша, 3 шілдеде бірнеше адам Астанада Қарабаев тұрып жатқан үйге келіп, тыңшылық жасады деп айыпталатынын айтқан. Сол жерде бірден алып кеткен. Үйінде әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы да болған.
Профессор Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар мамандығы бойынша сабақ береді. Сондай-ақ ол Бельгиядағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің Аймақтық интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтының (UNU-CRIS) аға ғылыми қызметкері.
BBC мәліметінше, редакция бұл іске қатысты мән-жайларды бірнеше апта бойы зерттеген. Алайда Икболжон Қарабаевтың қамауға алынуына байланысты ақпараттың құпия сақталуы зерттеуді қиындатқан. Онымен бірге жұмыс істеген кейбір зерттеушілер түсініктеме беруден бас тартса, енді бірі аты-жөнін жарияламауды сұраған.
Kursiv.Media осы іске қатысты Бас прокуратураға және Сыртқы істер министрлігіне, сондай-ақ Қазақстандағы Өзбекстан консулдығына сауал жолдады, әзірге жауап келген жоқ.
Қылмыстық кодекстің 176-бабына сәйкес, шетел мемлекеттерінің немесе ұйымдарының мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау тыңшылық қылмыс болып саналады.
Оқи отырыңыз: Германияда Ресей үшін тыңшы болды деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды