Әйел курьерлерге әлеуметтік көмек көрсету жобасы іске қосылады

Қазақстанда қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйел курьерлерге әлеуметтік көмек көрсету жобасы іске қосылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобының өзара кездесуінен кейін белгілі болды.
Жоба әзірге пилоттық режимде іске асырылады. Оған Yandex Go қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын, кемінде төрт апта бойы қызмет көрсеткен әйел курьерлер қатыса алады.
Көмек әр қатысушының жағдайына қарай жеке көрсетіледі. Басымдық балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, ерекше қажеттілігі бар балаларды немесе ауыр науқас отбасы мүшесін бағып отырған әйелдерге беріледі.
Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі Yandex Pro қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөліміндегі «Әйел курьерлерге көмек» мақаласында жарияланған. Жобаның нәтижесі кейін әйел курьерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейтуге негіз болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін баласын көтеріп, курьер болып жүрген жас ана суреті желіде тарап, көпшілік арасында қызу талқыланған еді. Кейін оның жолдасы бар екені, жас отбасының Шымкенттен көшіп келгені белгілі болды. Кейбір желі қолданушы оларға қаржылай көмектеспек болған, бірақ келіншек те, күйеуі де бас тартты. Оқиға еңбек министрі Асқар Ертаевқа да жетіп, елдегі мансап орталықтарының жұмысын қайта қарауға уәде берген.