Lactel, President, Galbani өнімін шығаратын компания 3,8 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: foodmaster.kz

«ФудМастер» компаниясы 2025 жылы 12,07 млрд теңге таза пайда тапқан. Соның 3,8 млрд теңгесі акционеріне дивиденд ретінде төленсе, қалғаны өндірісті жаңартуға жұмсалмақ. Бұл туралы компанияның қаржы есептілігі депозитарийіне жолдаған хабарламасында жазылған. Пайданы бөлу туралы шешім 2026 жылдың 24 тамызында бекітілген.

2025 жылдың дивидендтері 2026 жылдың 15 қазанына дейін евро валютасымен қолма-қол ақшасыз төлем арқылы өтеледі. Каржы бельгиялық B.S.A. INTERNATIONAL компаниясының есепшотына түседі.

Құжатқа сәйкес, директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы төленбейді. Ал атқарушы органның 2025 жылғы еңбекақысы салық пен мен міндетті аударымдар шегерілгеннен кейін 841 мың теңгені құрады.

Акционері кім?

«ФудМастер» АҚ-ның жалғыз акционері- бельгиялық B.S.A. International холдингі. Ол француз Бенье әулеті бақылайтын Lactalis халықаралық холдинг құрамына кіреді. Түпкі иесі – Эммануэль Бенье.

Бүгінде «ФудМастер» – Қазақстандағы сүт өнімдерін шығаратын ең ірі кәсіпорындардың бірі. Компания айран, сүт, сүзбе мен йогурттан бөлек, Lactel, President және Galbani сияқты әлемдік бренд өнімдерін өндіреді. Оның Есік, Шымкент және Павлодар қалаларында зауыттары мен жеке тауарлы-сүт фермалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз