Мадина өлген күні күйеуі туған күн тойлауға кеткен – марқұмның көршісі (видео)

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Мадина Рашидқызы Меркі ауданында қайтыс болды/фото: Threads

KursivMedia редакциясы 19 жасында қайтыс болған Мадина Рашидқызы тұрған ауылға барып, оқиғаның мән-жайын білуге тырысты. Жас келіншек Қырғызстанмен шекарада орналасқан Қызыл қыстақ ауылында тұрған. 

Алдымен шағын дисклеймер: мақаладағы кейіпкерлердің пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.

Қызыл қыстақ ауылы – Меркі ауданындағы Андас батыр ауыл округіне қарайтын бес елді мекеннің бірі.

Қызыл қыстақ ауылы, Меркі ауданы/фото: Айгерім Таубай

Алматыдан қайғылы оқиға болған ауылға барар жолда Андас батыр ауыл округіндегі әкім аппаратына соқтық. Әкім ауданға жиналысқа кеткен екен, орнына мекемедегі бас маманмен сөйлестік. Меңсұлу Құрмантайқызының сөзіне сүйенсек, Қызыл қыстақ ауылында мыңға тарта адам тұрады. Халық егін және мал шаруашылығымен күн көріп отыр.

Әрі қарай Мадина күйеуі Мадияр Айтмырзамен бірге тұрған үйге беттедік. Біз барғанда әулеттің үлкендері мен жастары үйдің ауласында отыр екен. Журналист екенімізді айтып, қазаға көңіл айттық. Отбасының үлкендерінің бірі іске қатысты ақпарат бермейтіндерін, келіп-кеткен журналистерге сенбейтінін айтып, үйінен кетуімізді сұрады. Үй ауласында отырғандардың арасында Мадиярдың өзі де болды. Бір-екі ауыз пікір сұрап едік, алайда басын көтермей, үндемей отырды. Осы тұста басқа туыстарынан 10 айлық сәбидің қайда екенін білдік. Олардың сөзінше, бала үйде, әкесі Мадиярдың жанында. 

Үй ауласынан шыққан соң көрші-қолаң, туған-туыстарын тауып, екі жыл бұрын отау құрды делінген ерлі-зайыпты жайында білгіміз келді. Алдымен Мадияр Айтмырзаның бастауыш сыныптағы жетекшісі болған Күләш Даниярованың үйіне бардық. Үйінің алдындағы бақшасын жайқалтып отырған зейнеткер бізді жылы қарсы алды. Бұған дейін айтқан пікірі әлеуметтік желіде талқыланып жатқанын, содан кейін қан қысым көтеріліп кеткенін айтты. Зейнеткер Мадиярдың ер жетіп, отау құрған шақтағы мінезін білмейтінін, тек өзі жетекшілік еткен бала кезін сипаттай алатынын жеткізді.

«Мен білетін Мадияр салмақты бала болатын. «Мадиярдан таяқ жедік» деген бала, «шашымнан тартты» деген қыз да болған емес. Одан бері талай өмір өтті. Таршылық та, жоқшылық та болады. Өмір адамды өзгертеді. Қазіргі мінезі туралы айта алмаймын. Ары-бері өткен кезде сәлемдесіп тұрады», – дейді Күләш Даниярова.

Зейнеткер Мадияр Айтмырзаның әулеті туралы да айтты. 

«Атынан ат үркетін, кез келген отбасы үлгі алатын әулет еді. Жаман аты шыққан жоқ. Ұрлық-қарлықпен аты шықпаған. Ақ адал еңбекпен жүрген адамдар», – дейді зейнеткер.

«Мадияр үйде болмаған»

Түстен кейін оқиға болған үйге қарай қайта бардық. Көрші үйде ерлі-зайыпты үй шарушалығымен айналысып жүр екен. Ол кісілерден ауылдағы салт-дәстүр, болған қайғылы жағдай туралы сұрадық.

«Екеуі қол ұстасып-ақ жүрген. Келіннің құрбысы келіп, қонып жүрді. Содан келіннің мінезі, түрі басқаша бола бастады. Еліктеді ме… Жас келін ғой, бала тапса да балалығын қоймаған. Ұрыс-керіс, ештеңесі болмады», – дейді Нұргүл есімді көршісі.

Ал Кенжемұрат есімді көршісінің сөзінше, қайғылы жағдай болған күні Мадияр Айтмырза достарымен бірге жүрген.

«Келін қайтыс болған күні досының туған күнінде болған. Үйінде мүлде болмаған», – дейді көршісі Кенжемұрат.

«Мадияр достарымен бірге жүрген кезде болып отыр. Үйінде енесі болған. Ол немересіне қарап отырған. Келінді енесі тауып алған», – дейді Нұргүл.

Қылмыстық іс қозғалды

Жамблыс облысы полициясы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, не соған ықпал ету) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қазір оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 

KursivMedia тілшісі істің басы-қасында жүрген заңгер Инга Иманбаймен байланысып көрді. Алайда заңгер материал жарияланған уақытқа дейін қоңырау мен хабарламаға жауап бермеді.

Ал қоғамда талқыланып жатқан оқиғаның неден басталғанына келсек, Жамбыл облысында жас келіншек өзіне қол салғаннан кейін оны күйеуі «Барни» бисквиті үшін ұрғаны туралы ақпарат тарады. Желідегі хат алмасуға сәйкес, әйел құрбысына оқиғаның қалай болғанын айтып берген.

«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір «Барни» шоколады үшін ұрыстық. Ұрып жіберді. Балама алып келіпті, содан бір дана алып жегем. Соған «Неге жейсің? Мен оны балаға алып келдім» дейді. Үш рет сұрады. Сосын «жемеймін» деп, жартысын қолына бердім. Сосын енем араласты. «Жемей қоя салмайсың ба, жас бала емессің ғой» дейді», деп жазған әйел құрбысына.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдағанына екі жыл болды. Осы уақытта елде 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз