Қазақстан халқының қанша пайызы 65 жастан асқан – әлемдік рейтинг

Қазақстан жалпы халық санындағы қарт адамдардың үлесі бойынша әлемде 106-орында тұр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қай елдерде қарттар көп?
Канадалық Visual Capitalist медиаплатформасының сарапшылары келтірген мәліметке сәйкес, бүгінде 65 жастан асқан қарт адамдар мен зейнеткерлердің халық санындағы үлесі ең жоғары ел – Монако. Мұнда олардың үлесі жалпы халықтың 36 пайызын құрайды.
Қарттардың жалпы халық санындағы үлесі бойынша әлемде екінші орында – Жапония (29,78%). Ал үшінші орында – Пуэрто-Рико. Мұнда 65 жастан асқан адамдардың үлесі 24,72 пайызға жетеді.
Халқы ең тез қартайып жатқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына Италия (24,62%), Португалия (24,53%), Грекия (23,94%), Финляндия (23,90%), Германия (23,20%), Хорватия (23,19%) және Мэн аралы (23,15%) кірді.
Қазақстан мен ТМД елдеріндегі жағдай
Бұл рейтинг бойынша ТМД елдерінің ішінде қарт адамдардың үлесі ең жоғары мемлекет – Беларусь. Ол әлемдік рейтингте 49-орында тұр. Елдегі егде жастағы тұрғындардың үлесі 17,65 пайызды құрайды.
Бұл бағыттағы көрсеткіштері сәл төмен елдердің қатарында Ресей бар. Ол әлемдік рейтингте 52-орында, ал 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 17,18%. Армения 71-орында тұр, мұнда бұл көрсеткіш 13,70%.
Қазақстан әлемдік рейтингте 106-орынға жайғасқан. Елдегі 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 8,65%.
Бұл көрсеткіш Қазақстанның жоғарыда аталған елдерден ғана емес, Еуропалық одаққа мүше барлық мемлекеттен төмен екенін көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстандағы қарт адамдардың үлесі Израиль (76-орын, 12,55%), Қытай (66-орын, 14,67%), Грузия (63-орын, 15,64%), АҚШ (45-орын, 17,93%), Оңтүстік Корея (39-орын, 19,27%) және Канададан (37-орын, 19,80%) төмен.
Қазақстаннан төмен көрсеткіш ТМД елдерінің арасында Әзербайжан (107-орын, 8,56%), Өзбекстан (137-орын, 5,86%), Қырғызстан (138-орын, 5,68%) және Тәжікстанда (169-орын, 3,85%) тіркелген.
Қарт адамдардың үлесі ең төмен елдер
Әлемде 65 жастан асқан адамдардың жалпы халық санындағы үлесі ең төмен мемлекет – Қатар. Мұнда олардың үлесі небәрі 1,68%.
Бұл көрсеткіш Қатарды әлемдегі халқы ең жас мемлекетке айналдырып, рейтингтің соңғы, 217-орнына орналастырған.
Халқы ең жас әлемдегі алғашқы он елдің қатарына сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері (1,77%), Замбия (1,95%), Чад (2,10%), Орталық Африка Республикасы (2,15%), Уганда (2,19%), Мали (2,38%), Ауғанстан (2,40%), Йемен (2,52%) және Бурунди (2,53%) кірді.
Биылғы жылдың сәуір айындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда қариялар саны артып, балалардың саны, керісінше, азайып барады. Energyprom.kz сарапшылары 2025 жылы елдегі әр 100 балаға шамамен 33 қариядан келетінін айтты.