Қостанайда өгей баласын өлтірген ер адам 23 жылға сотталды

Қостанай облысының Жітіқара қаласындағы кісі өлтіру оқиғасы бойынша үкім шықты. Қаза тапқан жасөспірімнің өгей әкесі 23 жылға сотталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
2026 жылдың сәуір айында Жітіқарадағы отбасылардың бірінде отырыстың соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Отағасы туысымен бірге ішімдік ішкен, қонақ кеткеннен кейін ер адам мен оның әйелі арасында жанжал шыққан. Жанжал кезінде ол әйеліне пышақ ала жүргірген. Алдын ала мәліметтер бойынша, анасына араша түспек болған 15 жасар жасөспірім қайтыс болған. Ал әйел бірнеше жерінен жарақат алып, аман қалған.
Сот айыпталушыны есі дұрыс деп тапты, ол өкініп, кешірім сұрады. Бұған дейін прокурор оған 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған, туыстары өмірлік түрме жазасын талап еткен.
«Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» және ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі «Кісі өлтіру», сондай-ақ 99-бабының 2-бөлігі 10, 13 және 14-тармақтары бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және орташа қауіпсіздік мекемесінде 23 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын», – деп шешті судья.
Моральдық зиянды өтеу ретінде Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты талап арызды ішінара қанағаттандырып, қаза тапқан жасөспірімнің анасына 15 млн теңге және оның әкесіне 5 млн теңге төлеуді міндеттеді.