Шілде айында халықтың еуроға деген сұранысы екі есе азайды

Жарияланды 27 Тамыз 2026 13:00

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Халық қандай валюта сатып алып жатыр / Фото: shutterstock

2026 жылдың шілдесінде халықтың еуроға деген сұранысы екі есе құлдырап, қытай юаніне де қызығушылық суыды. Есесіне Ресей рубліне деген сұраныс қайта жанданды. Ал АҚШ доллары жаз ортасында да бастапқы позициясын сақтап қалды.

Ұлттық банк дерегіне сәйкес, айырбастау пункттерінде доллардың таза сатылымы (нетто) 123 млрд теңгені құрады. Бұл маусым айындағы көрсеткіштен (126,5 млрд теңге) 2,8%-ға аз.

Тұтынушылық белсенділік сәл басылғанымен, долларға деген қызығушылық әлі де жоғары. Долларды неізінен ірі қалалардың тұрғындары сатып алып жатыр. Алматы қаласында бұл көрсеткіш 60,4 млрд теңгеге жетсе, Шымкентте 22,1 млрд теңгені құрады.

Еуроға деген сұраныс екі есе құлдырады

Маусым айында еуроға деген сұраныс шарықтау шегіне жетіп, нетто-сату 25,7 млрд теңгені құраған еді. Ал шілдеде бұл көрсеткіш 11,5 млрд теңгеге дейін, бірден 55,4%-ға бірден төмендеді. Оған Астана қаласындағы көрсеткіштің төмендеуі себеп.

Елорда тұрғындары маусымда 5,9 млрд теңгеге еуро сатып алса, шілдеде 2,7 млрд теңгеге дейін қысқарды. Алматыда да сұраныс екі есе зайып, 10,3 млрд теңгеден 4,9 млрд теңгеге дейін түсті.

Қарағанды мен ШҚО-да рубль сатып алушылардың қатары көбейді

Маусым айында рубль бойынша таза көрсеткіш теріс болып (-17,5 млрд теңге), халықтың айырбастау пункттеріне рубльді тапсырудан қарағанда қайта сатып алуы төмен болған еді.

Ал шілде айында жағдай өзгеріп, нетто-сату 126,5 млн теңгені құрап, оң аймаққа шықты. Әсіресе Қарағанды (1,1 млрд теңге) мен Шығыс Қазақстан (544 млн теңге) облыстарында рубльге сұраныс жоғары болды.

Мегаполистерде (Алматы, Астана, Шымкент) рубль бойынша теріс сальдо сақталған.

Қытай юані: Қызығушылық күрт қысқарды

Қытай юаніне деген сұраныс маусыммен салыстырғанда айтарлықтай бәсеңдеді. Маусым айында айырбастау пункттері арқылы 76,9 млн теңгенің юані өтсе, шілдеде бұл көрсеткіш 84,1%-ға құлдырап, 12,2 млн теңгені құрады.

Астана тұрғындарының юаньды қайта тапсыру үрдісі басым болды. Алматыда сатылым деңгейі біркелкі қалыпта сақталса, Абай мен Қарағанды облыстарында сұраныс салыстырмалы түрде жоғары болды.

Сондай-ақ оқыңыз