500 астам құрбан: Непалда жаңа апат қаупінен кейін іздеу жұмыстары қайта жанданды

Непал мен Тибеттің су тасқынынан зардап шеккен аудандарындағы құтқару операциялары тауда пайда болған көлдің жарылу қаупіне байланысты уақытша тоқтатылғаннан кейін қайта жанданды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Reuters ақпаратына сүйенсек, табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 552 адамға жетті, мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енді.
Непалда 547 адам, Тибетте бес адам қаза тапты. Табиғи апат мұздықтың көшкінінен кейін орын алып, судың, батпақтың, тастар мен мұздың жойқын ағынын тудырған.
Апаттан кейін пайда болған көлдегі су деңгейі ары қарай көтеріле берді. Жұмаға қарай оның көлемі 2,5 млн текше метрден асты. Жаңа тасқын қаупіне байланысты құтқару жұмыстары шамамен үш сағатқа тоқтатылды, бірақ кейін бұл тәуекел бақылауда деп бағаланды.
90 мыңнан астам адам зардап шекті. Су тасқыны жолдарды, көпірлерді және энергетикалық объектілерді қиратты. Тибетте 558 адам, соның ішінде 260 шетелдік хабар-ошарсыз кеткен.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мұздық көлдері мен көшкіндерді бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл ретте Непал бірқатар елдердің қосымша іздеу-құтқару топтарын жіберу туралы ұсыныстарынан бас тартты.
Reuters мәліметінше, Непалға көмекті Үндістан, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Шри-Ланка және Бангладеш ұсынған.
Бұған дейін СІМ су тасқынынан кейін непал-қытай шекарасында жоғалған екі қазақстандық әйелді іздеп жатқаны туралы жазған едік.