«Алматы – Төңкеріс – Байсерке – Ақсай» автожолында қозғалысқа шектеу енгізілмек

«Алматы – Төңкеріс – Байсерке – Ақсай» автожолының учаскесінде қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының хабарлауынша, республикалық маңызы бар «Алматы – Төңкеріс – Байсерке – Ақсай» автомобиль жолының 18–51 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Жөндеу жұмыстарына байланысты 2026 жылғы 28-31 тамыз аралығында күн сайын сағат 22:00-ден 05:00-ге дейін «Байсерке – Көктерек» автожолының 18+700–22+000 шақырымы аралығындағы учаскеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі», – делінген хабарламада.
Жол жөндеу жұмыстарын қауіпсіз әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында көлік қозғалысы айналма жол арқылы ұйымдастырылады. Компания жүргізушілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, жол белгілері мен қозғалысты реттеушілердің талаптарын қатаң сақтауды сұрап отыр.
Сондай-ақ, 10 қыркүйекке дейін Жібек жолы – Қаскелең аралығында көлік қозғалысы шектеледі.