Бектенов кабинеті үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенше қызметін жалғастыра береді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Бектенов
Қазіргі үкімет қызметінен кетеді /Фото: Асқар Ахметуллин; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан үкіметі Құрылтайдың алғашқы жиыны алдында өз өкілеттігін ресми түрде аяқтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты тиісті жарлыққа қол қойды.

Алайда жаңа құрам жасақталғанша Олжас Бектенов бастаған қазіргі үкімет өз міндеттерін ары қарай атқара береді.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі өз міндеттерін атқаратын болсын. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген қаулыда.

Үкіметтің қызметін доғаруы елдегі мемлекеттік құрылымның жаңа жүйеге көшуі және жаңа Конституцияның 69-бабына тікелей байланысты болып отыр.

Өйткені заң бойынша үкімет жаңадан сайланған бір палаталы парламент – Құрылтай алдында өз өкілеттігін тапсыруға міндетті.

Жаңа үкіметті қалыптастыру үшін алдымен президент құрылтайдағы саяси партиялардың фракцияларымен кеңесіп, премьер-министр лауазымына кандидат ұсынады.

Депутаттардың көпшілік дауысымен келісім алынғаннан кейін мемлекет басшысы үкімет басшысын тағайындайды. Өз кезегінде жаңадан тағайындалған премьер-министр он күн ішінде президентке үкіметтің құрылымы мен құрамы бойынша ұсыныс енгізеді, содан соң министрлер халық пен президентке ант береді.

Бұл ретте Сыртқы істер, Қорғаныс және Ішкі істер министрлерін мемлекет басшысы өзі тағайындайды, ал қалған министрлер құрылтаймен кеңескеннен кейін премьер-министрдің ұсынуымен бекітіледі.

Олжас Бектенов 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстанның премьер-министрі болып тағайындалды. Жаңа Үкіметке экономиканы жандандыру, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, инвестиция тарту және қордаланған инфрақұрылым мәселелерін шешу міндеті жүктелген еді.

Бектенов басқарған екі жарым жылда ел алапат су тасқынын, жаңа Салық кодексін, АЭС референдумын, екі таңбалы инфляцияны және ауқымды кадрлық ауыс-түйістерді бастан өткерді.

Сондай-ақ оқыңыз