Еліміз аса маңызды кезеңге аяқ басты – Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты

Бүгін, 28 тамызда, Астанада Қазақстан Республикасы бірінші шақырылымдағы Құрылтайының алғашқы сессиясы ашылды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.
Алғашқы сессияға Құрылтайдың 145 депутаты қатысады. Олар 23 тамызда өткен сайлау қорытындысы бойынша бес саяси партиядан сайланған. 27 тамызда Орталық сайлау комиссиясы барлық 145 депутатты ресми тіркеп, оларға депутаттық куәлік пен төсбелгі табыстаған болатын.
Сессия барысында жаңадан сайланған депутаттар ант қабылдайды. Осылайша Құрылтайдың бірінші шақырылымы өз жұмысын ресми түрде бастайды.
Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Құрылтайдың жұмысын бастауын ел өміріндегі тарихи оқиға деп бағалады.
«Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз. Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Құрылтай мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылап, ортақ шешімдер қабылдайтын маңызды институтқа айналады.
«Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртып, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Құрылтай депутаттарына жаңа органның тарихи миссиясын абыроймен атқаруға тілектестік білдірді.
«Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.