Қазақ журналистикасының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден озды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Тілеуқабыл Мыңжасар
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ телевизиясының ардагері, белгілі журналист Тілеуқабыл Мыңжасар қайтыс болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Тілеуқабыл Мыңжасар саналы ғұмырын телевизия саласына арнады. Ұзақ жылдар бойы «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі болып, өңірдегі маңызды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді халыққа жедел әрі сапалы жеткізді. Жоғары кәсібилігі мен азаматтық ұстанымы арқылы талай әріптесіне үлгі болды. Артында көптеген дарынды шәкірттері қалды. Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистика саласындағы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен отандық телевизияға қосқан үлесі әріптестері мен көпшіліктің жадында мәңгі сақталады», – деп жазылған хабарламада.

Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістанда дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, сол жылы қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында еңбек жолын бастаған. «Хабар» агенттігі құрылған кезден бастап осы салада қызмет атқарып, 1998 жылдан бастап телеарнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі болды.

 Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы атанды. «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығына ие болған. Журналистің еңбегі «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен атап өтілген.

Марқұмның жаназа намазы 29 тамыз күні сағат 10:00-де Алматыдағы өз шаңырағында оқылады. Мекенжайы: Алматы қаласы, Розыбакиев көшесі, 289-үй, 80-пәтер.

Осыған дейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, еңбек сіңірген қайраткер, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында өмірден озғанын жазған едік. Ол Ол ғұмырының елеулі бөлігін журналистикаға арнап, республикалық басылымдардың редакторы болды.

Сондай-ақ оқыңыз