Путиннің кезекті мобилизациясы: ресейліктер елінен қашып жатыр

Ресейліктер елден қашып жатыр. Олар Владимир Путиннің жасырын түрде кезекті мобилизацияға дайындалып жатқанына алаңдаулы.
Politico ақпаратына қарағанда, Ресейдің оңтүстік шекарасына ағылған адамдар легі соңғы уақытта күрт өскен. Бұған әскерге тарту шараларының күшеюі және кезекті әскери мобилизация болуы мүмкін деген алаңдаушылық түрткі болып отыр.
Ресейдің Грузиямен шекарасында тұрғындардың жаппай елден кете бастағаны байқалған. Өткен аптада 113 мыңнан астам ресейлік «Жоғарғы Ларс» деп аталатын өткізу бекеті арқылы шыққан.
Соңғы айларда Ресей билігі әскерге адам тартуға бағытталған барған сайын қатаң шаралар қабылдап, резервтегі әскери қызметшілер туралы мәліметтер жинауды күшейткен. Сондай-ақ Ұлттық ұланның өкілеттіктерін кеңейтті.
Ал тамыз айының басында Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің жыл соңына қарай бірнеше жүз мың адамды қамтитын «жедел мобилизация» бастайтынын мәлімдеген. Ресей билігі мұны жоққа шығарып отыр.
Алайда қаңтар айында Ресей президенті запастағы ресейліктерді әскери жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша нақты қанша адамның шақырту алатыны және әскери жиындардың қанша уақытқа созылатыны белгісіз.