Ұлттық қор қаржысы оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды – Тоқаев

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Тоқаев қор қаржысы мақсатсыз жұмсалмайтынын айтты / Фото: Делия Айдаралиева, бильд-редактор: Дастан Шанай

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Ұлтттық қордан алынатын қаржы оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайтынын айтты. Қордан үкімет әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр.

«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді», – деді ол.

Президент қазір Ұлттық қордың пайдасын балалар көріп отырғанын және олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатқанына назара аударды.

«Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады», – деді ол.

Қазақстан үкіметі 2027-2029 жылдары кепілді трансферттен бөлек, 5 трлн теңге нысаналы трансферт алуды көздеп отыр.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы екі жылда кепілдендірілген трансферт ретінде 2,4 трлн теңге бөлінсе, 2029 жылы қордан 2 трлн теңге алынады.

Одан бөлек, «аса маңызды» нысандар мен ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға 2027 жылы – 2 трлн теңге және 2028-2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз