Тоқаев ядролық державаларды келіссөзге шақырды

Қазақстан ядролық қаруды қолдану қаупін азайту үшін әлем елдерін бірлесіп батыл қадам жасауға шақырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуінде айтты.
Президент Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 35 жыл толғанын атап өтті. Оның сөзінше, ондаған жылға созылған сынақтар халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға орасан зиян келтіріп, орны толмас қасірет әкелді.
«Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қуаты жағынан әлемде төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Тоқаев бұл шешім елдің бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдағанын көрсеткенін айтты.
Президенттің мәлімдеуінше, Қазақстанның антиядролық ұстанымы өзгермейді. Ел ядролық державалар арасындағы текетіресті емес, келіссөзді қолдайды. Сонымен қатар Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін жеделдетуге үндейді.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның преамбуласында Қазақстанның бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны жазылғанын атап өтті. Бұл қағида елдің сыртқы саясатындағы негізгі ұстаным болып қала бермек.
Сонымен бірге Президент атом энергиясы тек бейбіт әрі жасампаз мақсатта пайдаланылуға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан ядролық энергетиканы дамыту бағыты Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуіне негіз қалайды.
Тоқаев бұл стратегиялық таңдау елдегі ауқымды өзгерістерге жол ашып, тұрақты дамуға серпін беретініне сенім білдірді. Ол жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты Әділетті, Озық және Таза Қазақстан құру екенін айтты.