Грузияның ең ірі банкі Қазақстан нарығына кіруді көздеп отыр

Грузияның жетекші қаржы институты – Bank of Georgia Орталық Азия нарығына шығуды жоспарлап отыр. Банктің басты мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстандағы ірі банктердің бірін сатып алу. Бұл туралы ұйымның бас директоры Арчил Гачечиладзе Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Банктің бас компаниясы Lion Finance Group Plc цифрлық технологияларға басымдық беретін стратегияны ұстанады.
Топ тек Орталық Азиямен шектелмей, алдағы уақытта Балтық пен Балқан елдерінің де қаржы нарығына енуді көздейді. 2024 жылы бұл топ Армениядағы ең ірі Ameriabank қаржы ұйымын сатып алып, тәжірибе жинақтаған.
Гачечиладзенің айтуында, оларды шағын банктер мүлде қызықтырмайды. Инвестор елдегі «үздік үштікке» кіретін немесе алғашқы эшелондағы банктерге ғана назар аудармақ.
Lion Finance Group Plc капитализациясы 5,8 миллиард фунт стерлингті ($7,9 млрд) құрайды. Соңғы бес жылда акцияларының құны 740%-ға өскен.
Бүгінде бұл топ Еуропадағы ең табысты қаржы институтының бірі саналады. Сарапшылар осы онжылдықтың аяғына дейін топ құрамындағы банктер саны беске дейін көбейеді деген болжам жасаған.
Бұған дейін араб инвесторы Қазақстанда тағы бір банк ашатыны белгілі болған.
Қазір Қазақстанның банк секторында 23 банк жұмыс істейді, соның 10-ы – еншілес банктер.