ҚТЖ басшылары 2025 жылы 721 млн теңге сыйақы алған

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қарызға батқан ҚТЖ басшыларының айлығы қомақты / фото: Серикжан Ковланбаев

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2025 жылы топ-менеджерлеріне төлеген қаржы есебін жариялады. Басқарма мүшелері бір жылда бүкіл жалақы мен ақшалай бонус ретінде 721,2 млн теңге алған. Ал 2024 жылы оларға 694 млн теңге төленген.

Ұлттық тасымалдаушының басқарма құрамына былтыр Нұрлан Сауранбаев бастаған 13 топ-менеджер кірген. Олардың қатарында компанияның стратегиясы, логистикасы, қаржысы мен жаңа жобаларына жауапты орынбасарлар мен басқарушы директорлар бар. 2025 жылдың ортасында жаңадан қосылған басшылар да осы төлемді алғандар тізімінде.

Басқарма құрамына былтыр төмендегідей лауазым иелері кірген:

  • Нұрлан Сауранбаев – бұрынғы асқарма төрағасы;
  • Ануар Ахметжанов – Стратегия мен цифровизация жөніндегі орынбасар;
  • Ерлан Қойшыбаев – Логистика жөніндегі орынбасар;
  • Даир Күшеров – Қаржы жөніндегі басқарушы директор;
  • Бауыржан Орынбасаров – Өндірістік үдерістер жөніндегі басқарушы директор;
  • Рамазан Садырқұлов – Бас инженер.

Сондай-ақ тізімде Талғат Алдыбергенов, Мұрат Төрегелдин, Марат Шакенов сияқты орынбасарлар мен аппарат басшылары бар.

2025 жылы компания басшылығы ауысқаны белгілі. ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған Алдыбергенов былтыр басқарма төрағасы болып тағайындалған. Алдыбергенов жақында қызметінен кетті.

ҚТЖ – Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық компаниялардың бірі. Оның жалпы міндеттемелері жылдық есепте 31%-ға көбейіп, 5,2 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде ұзақ мерзімді міндеттемелердің үлесі 3,8 триллион теңгені құрап, бір жылда 44%-ға артқан.

Жаңадан тартылған несие ұзақ мерзімді міндеттемелердің төрттен үш бөлігін (75%-ы) алады. Нәтижесінде, бір жыл ішінде қарыз көлемі 47%-ға ұлғайып, 2,7 триллион теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз