2027 жылы қазақстандықтарды қажылыққа 4 туроператор ғана апара алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қасиетті Мекке қаласы / Фото: shutterstock

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысатын туроператорларды іріктеу қорытындысын жариялады. Арнайы комиссияның бағалауынан кейін келесі жылы қажылық маусымын ұйымдастыруға тек төрт туроператорға рұқсат берілді.

ҚМДБ мәліметінше, іріктеудің негізгі мақсаты – қажылық кезінде қазақстандық азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, олардың Сауд Арабиясындағы қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету және елдің қажылыққа қатысты заң талаптарын сақтау.

Қажылықты ұйымдастыратын төрт компания

Кешенді және салыстырмалы бағалау нәтижесінде 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға мына туроператорлар лайық деп танылды:

  1. «Атлас Туризм» ЖШС
  2. «Нұрхан Тревел» ЖШС
  3. «Тауаф Тревел» ЖШС
  4. «Хикмет Тревел» ЖШС

ҚМДБ-ның хабарлауынша, туроператорларды іріктеу арнайы құрылған комиссия арқылы жүргізілген.

Туроператорлар қалай іріктелді

Үміткер компаниялардың қажылық және ұмра сапарларын ұйымдастырудағы жыл бойғы қызметі мен тәжірибесі ескерілді. Сонымен қатар олардың ресми тәртіпте алған туркодтары, лицензияларының жарамдылығы және «Туристік Қамқор» корпоративті қоры арқылы тиісті талаптарға сәйкестігі анықталды.

Бұдан бөлек, компаниялардың ұйымдастырушылық мүмкіндігі мен белгіленген талаптарды орындауы сараланды. Сауд Арабиясы тарапынан қажылықты ұйымдастырушыларға қойылатын талаптар да есепке алынды.

Комиссия мүшелері туроператорларды белгіленген тәртіп бойынша баллдық жүйемен бағалап, нәтижесіне қарай қажылық орындарын бөлді.

Конкурстан өтпеген компанияларға мүмкіндік бар

ҚМДБ мәліметінше, іріктеуден өте алмаған туроператорлар да қажылық сапарын ұйымдастыруға қатыса алады. Олар заңнамада белгіленген тәртіппен жоғарыда аталған төрт туроператордың бірімен субагенттік негізде жұмыс істей алады.

Тағы да оқыңыз: 60 млн теңге алған: Мекке мен Мәдинаға апарам деп алдағандар сотталды

Сондай-ақ оқыңыз