Энергетика министрлігі мұнай сақтайтын қойма салу тиімсіз деп санайды

Қазақстан үкіметі елде мұнай сақтау қоймаларын салу – техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген тұжырымға келген. Бұл туралы Энергетика министрлігінің Кursiv.Media ресми сауалына берген жауабында жазылған.
Вице-министр Қайырхан Тұтқышбаевтың қолы қойылған жауапқа сәйкес, Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» және ірі мұнай жобаларымен (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) бірлесіп, ірі мұнай сақтау қоймасын салу мәселесін пысықтаған. Қолданыстағы мұнай сақтау қуаттарына талдау жүргізіліп, қысқа мерзімді тасымалдау тәуекелдерін төмендету үшін мұнай қорын қалыптастыру бойынша алдын ала есеп жүргізіліпті.
Соның нәтижесінде мұнай сақтайтын резервуарлар салу – шығыны көп шаруа екені, қазір тиімсіз болатыны анықталған.
«Жүргізілген талдау нәтижесінде мұнай сақтау қоймаларын салу және ұстауға, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға өндірілген мұнайдың құнын өтеуге елеулі шығындарды талап ететіні анықталды. Осыған байланысты мұнай сақтау қоймаларын салу техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп саналады», – делінген жауапта.
Мұнай тасымалы әртараптандырылып жатыр
Министрлік экспорттық бағыттарды әртараптандыру үшін Каспий теңізі арқылы танкермен, сондай-ақ кейіннен Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдап жатыр. Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы транзит көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту мәселелері пысықталуда.
Қытай Халық Республикасымен қолданыстағы мұнай құбыры бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамыту жалғасады.
«Министрлік экспорттың үздіксіздігін қамтамасыз ету және халықаралық шарттық міндеттемелерді орындау бойынша шаралар қабылдауда. Қазақстан Республикасы энергия ресурстарын сенімді жеткізуші мәртебесін сақтайды», – дейді Энергетика министрлігі.
Резервуар не үшін қажет
2025 жылдың көктемінен бері Қазақстан мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын Қаспий Құбыр концорциумының инфрақұрылымына бірнеше рет дрон түсті.
Қазақстан үкіметі украин дрондарының құбыр нысандарына жасаған шабуылын сынап, ресми наразылық білдірді. Алайда Украина бұл соққылар Қазақстанға емес, Ресейдің энергетика нысандарына бағытталғанын мәлімдеді. Кешен істен шығып қалғаннан соң, қазақ үкіметі мұнай экспорттайтын балама бағыт іздеуге көшті.
Шілде айында Украин дрондары КҚК терминалында мұнай тиеп тұрған танкерлерге шабуыл жасаған соң, концорциум мұнай қабылдауды уақытша тоқтатты. Өйткені Қара теңіздегі мұнай сақтайтын резервуарлар толып кеткен.
Соның салдарынан Батыс Қазақстандағы ірі мұнай кен орындарындағы мұнай өндірісі азайды. Өйткені артық өндірілген шикізатты сақтайтын қойма тапшы.
Осы кезеңде Қазақстанның мұнай компаниялары 3,5 млн тонна мұнайды кем өндірді. Сарапшылардың есебіне сәйкес, мұнай өндірісінің қысқаруы салдарынан келген шығын 3,5 млн долларды құрауы мүмкін.
Сол себепті Қазақстан биыл өндірілетін мұнай жоспарын 96 млн тоннаға дейін қысқартты. Бұған дейінгі жоспар 101 млн тонна мұнай өндіруді көздеген.
Энергетика министрлігі қазіргі кезде мұнай өндірісі тұрақты деңгейде және мұнай көлемінің төмендеген жоқ деп тұжырымдайды.