Атырауда кішкентай екі қыз лотос алқабын өсіріп шығарды (видео)

Атыраулық Шаттық Хами мен Айым Жанкелді есімді қыздар екі жыл бұрын Қытайдың танымал Pinduoduo платформасы арқылы лотос тұқымдарына тапсырыс берген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бастапқыда өсімдікті аквариумда өсіруге тырысқанымен, нәтиже шықпаған.
Амалсыздан, қыздар қалған тұқымдарды үй маңындағы Жайық өзенінің атырабында орналасқан су айдынына шашып жібереді. Арада бір жыл өткенде су бетінде алғашқы жапырақтар пайда болып, биыл лотостар жаппай гүлдей бастаған. Қазіргі таңда өсімдіктер футбол алаңындай аумақты алып жатыр.
Желіде оқиға тез тарап, көпшілік тұрғындар қыздардыңәрекетіне сүйсініп, жаңадан пайда болған табиғи бұрышты «Шаттық-Айым» деп атауды ұсынған.
Дегенмен, жаңалыққа экологтар мен мамандар сақтықпен қарап отыр. Өсімдіктің нақты түрі мен шығу тегі әлі толық анықталған жоқ. Тұрғындар арасында бұл Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін «Каспий лотосы» болуы мүмкін деген болжамдар айтылғанымен, ол ақпарат ресми түрде расталмады.
Биологтар мен экологтар бөтен өсімдік түрлерін (инвазивті түрлер) табиғи бірегей ортаға өз бетінше енгізу жергілікті экожүйенің тепе-теңдігін бұзып, қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. Осыған байланысты табиғат қорғаушылары Жайық бойында пайда болған лотостардың нақты ботаникалық түрін анықтау үшін арнайы тексеру жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.
Бұған дейін, тревел-блогер Bydastann Атыраудағы Лотос алқабынан бірнеше видео жариялған еді.