Қазақстан балық экспортын 35,7%-ға арттырды

Жарияланды
балық
Импорт көлемі әлдеқайда қысқарған /Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында балық, шаянтәрізділер мен моллюскаларды экспорттауды 35,7%-ға арттырды. Ал импорт көлемі 12,8%-ға қысқарды, деп хабарлайды Kursiv.Media. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жарты жылда шетелге 12,9 мың тонна өңделген және консервіленген балық өнімдері жөнелтілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

Мұздатылған тұщы су балығы мен филесі көп экспортталған. Мұздатылған балық экспорты 69,2%-ға өсіп, 5,6 мың тоннаға жетті. Ал балық филесінің экспорты 36,8%-ға артып, 4,2 мың тоннаны құрады. Қазақстандық балық филесінің негізгі сатып алушылары – Дания, Литва, Нидерланды және Польша.

Экспорттың өсуіне балық аулау көлемінің артуы да әсер еткен. 2025 жылы Қазақстанда 49,6 мың тонна балық ауланып, бір жылда 10,1%-ға өсті. Сонымен қатар тауарлы балық өндірісі 63,2%-ға артып, 13,3 мың тоннаға жетті.

Ал импорт керісінше азайған. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға 27,6 мың тонна балық өнімдері жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға төмен.

Импорттың негізгі түрлерінің қатарында Қазақстанда табиғи түрде кездеспейтін балықтар бар. Жарты жылда елге 4,6 мың тонна майшабақ, 2,2 мың тонна майбалық және 3,6 мың тонна албырт импортталды. Албырт импортының құны 29 млн АҚШ долларын құрады.

Сондай-ақ оқыңыз