Астанада кран құлағаннан кейін министрлік тексеріс жүргізеді

Астанада құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі. Қалада мұнаралы кран құлап, екі адам қайтыс болғаннан кейін министрлік жоспардан тыс тексеру жүргізуі мүмкін деп хабарлайды Kursiv.Media.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылыс компанияларына қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескерткен. Алайда бұған дейін берілген ескертулерге қарамастан, кемшіліктер қайталанған. Сондықтан Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексеру жүргізу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Тексеру кезінде қауіпсіздік талаптары бұзылғаны анықталса, компанияларға заң бойынша шара қолданылады. Ал заң бұзушылық бірнеше рет қайталанған ұйымдардың жұмысы жеке қаралады.
Бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев құрылыс алаңындағы қауіпсіздікке ең алдымен компания басшысы жауапты екенін айтты. Оның сөзінше, жазатайым оқиғаны тек жұмысшының қателігімен түсіндіру дұрыс емес. Қызметкердің біліктілігі, арнайы оқудан өткені құрал-жабдықтың жарамдылығы және құрылыс алаңындағы бақылаудың дұрыс ұйымдастырылғаны да тексерілуі керек.
Қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзатын компаниялардың құрылыс лицензиясын уақытша тоқтату немесе қайтарып алу мәселесі де қаралуы мүмкін.
Еске салайық, үш күн ішінде Астанада екі кран құлап, екі жұмысшы қайтыс болды. Әуелі 27 тамызда құрылыс алаңында қайғылы оқиға болса, 31 тамызда жағдай тағы қайталанды. Аталған іс бойынша тергеу жүріп жатыр.