Атыраудағы бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шықты

Атырауда бір отбасыны өлтіргеннен кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шығарылды. Кейін ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен балалар үйіне барып, балаларымен кездесті, деп хабарлайды Кursiv.Media басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятованың айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен алғаш рет өткен аптада кездескен. Екінші рет 1 қыркүйекте жүздесті.
«Ол балаларға олардың заңды өкілі ретінде келді. Ол ата-аналық құқығынан айырылмаған. Жалпы, балалармен кездесулер кестеге сәйкес әр жұма сайын сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін ұйымдастырылады. Ол бұл ерекшелікті бастапқыда білмеген. 27 тамызда келді. Кейін балаларды Білім күнімен құттықтауға келгенін айтып, олармен 1 қыркүйекте кездесті», – деді орталық директоры.
Қазіргі уақытта оның төрт баласы Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Балалар орталық қабырғасында білім алуда. Ал бір жарым жасар кенже ұлы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.
«Балалардың денсаулығы мен көңіл-күйі жақсы. Бөбектерді орталыққа орналастыру туралы шешімде олардың мұнда қандай уақытқа дейін болатыны көрсетілмеген», – деп қосты Құндыз Ғиниятова.
Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстарының айтуынша, ол өзінің балаларын таниды. Дегенмен, ол емдеуді алдағы уақытта да жалғастырады.
Айта кетейік, 2026 жылдың 14 шілдесінде қайын жұртындағы төрт адамды өлтірген Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Төрт адамның өлімі
Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемалиев 2025 жылдың мамырында жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.
Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтаған. Жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.
Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген.