Президентке тікелей бағынатын 14 орган басшысы тағайындалды (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Президентке тікелей бағынатын органдар / фото: Серикжан Ковланбаев

2026 жылғы 3 қыркүйектегі жағдай бойынша президентке тікелей бағынатын және есеп беретін 14 мемлекеттік орган бар. Оның 13-нің басшысы белгілі. Олардың бірі бұл қызметке 2019 жылы келіп, әлі ауысқан жоқ, енді бірі жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін қайта тағайындалды, деп жазады Kursiv.Media.

Бұл органдардың негізгі тізімі президенттің 2008 жылғы 11 наурыздағы №552 жарлығымен бекітілген. Кейін тізім бірнеше рет өзгерді: Атом энергиясы жөніндегі агенттік қосылды, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҰҚК құрамына өтті. Ал 2026 жылғы 29 тамызда Қауіпсіздік кеңесінің аппараты президентке тікелей бағынатын жеке мемлекеттік орган ретінде құрылды.

Қазіргі басшылардың арасында қызметіне ең ерте келгені – Мәдина Әбілқасымова. Ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы болып 2019 жылғы 18 желтоқсанда тағайындалды. Ақорданың ашық деректерінен оны кейін қайта тағайындау туралы жеке жарлық табылмады.

Ең кейінгі кадрлық шешімдер Бас прокуратура, Ұлттық банк және ҰҚК-ге қатысты болды. Берік Асылов 7 шілдеде, ал Тимур Сүлейменов пен Ермек Сағымбаев 24 тамызда қайта тағайындалды.

Әсет Ерғалиев пен Жанат Элимановтың жағдайы бөлек. Екеуі де өздері басқарып отырған агенттіктерге бұрын жетекшілік еткен, кейін басқа қызметке ауысып, қайта оралды. Сондықтан кестеде олардың қазіргі қызмет мерзімі басталған күн көрсетілді.

Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа аппаратына қатысты да мәртебелерді шатастырмаған жөн. Аида Балаева 31 тамызда Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бірақ Ақорда оны Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы деп атаған жоқ. Сағат 11:50-дегі жағдай бойынша жаңа органды басқаратын тұлға туралы жеке жарлық жарияланбаған.

Конституцияның 46-бабына сәйкес, президент өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады. Олардың басшыларын да өзі тағайындап, қызметінен босатады. Бұл лауазымдарға тағайындау үшін Құрылтайдың келісімі қажет емес.

Президент дербес тағайындайтын үш министр

Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін 14 органнан бөлек, мемлекет басшысы Үкімет құрамындағы үш министрді – сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды. Бұл тағайындауларға Құрылтайдың келісімі талап етілмейді.

  • Сыртқы істер министрі – Тілеуберді М.Б. Ол бұл қызметке алғаш рет 2019 жылғы 18 қыркүйекте тағайындалған. 2019–2023 жылдары министр болған Мұхтар Тілеуберді ведомство басшылығына 2026 жылғы 2 қыркүйекте қайта оралды.
  • Қорғаныс министрі – Қосанов Д.Ж. Алғаш рет 2025 жылғы 8 маусымда тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметке қайта тағайындалды.
  • Ішкі істер министрі – Сәденов Е.С. Алғаш рет 2023 жылғы 2 қыркүйекте ІІМ басшысы болды. 2024 жылғы 6 ақпанда және 2026 жылғы 3 қыркүйекте қайта тағайындалды.

Алайда бұл үш министрлік президентке тікелей бағынатын 14 мемлекеттік органның тізіміне кірмейді. Олар – Үкімет құрамындағы орталық атқарушы органдар. Конституция бойынша Үкімет өз қызметінде президент пен Құрылтай алдында жауапты, ал Үкімет мүшелері көзделген жағдайларда Құрылтайға есеп береді.

Вице-президенттің мәртебесі қандай?

Қазақстан Республикасының вице-президентін президент Құрылтай депутаттарының көпшілік келісімімен тағайындайды. 2026 жылғы 31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалды.

Вице-президент президентке бағынышты: оны қызметінен президент босатады, өкілеттігін де мемлекет басшысы айқындайды. Ол президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен байланыс кезінде президент атынан өкілдік етеді.

Дегенмен вице-президентті де президентке тікелей бағынатын 14 органның қатарына қосуға болмайды. Себебі ол мемлекеттік орган емес, Конституцияда жеке белгіленген жоғары мемлекеттік лауазым.

Сондай-ақ оқыңыз