Қызметкерлер жұмыстан қысқартылғанда оларға қанша өтемақы төленуге тиіс

Қазақстанда штат қысқартылған жағдайда жұмыс беруші қызметкерге кемінде бір ай бұрын ескертіп, бір айлық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлеуге міндетті. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов айтты.
Астанада 547 қызметкер жұмыстан босатылды
Биыл Астанада штат санының немесе штатының қысқартылуына байланысты 149 ұйымның 547 қызметкерімен еңбек шарты бұзылған.
Мұрат Шакеновтің айтуынша, штат санының немесе штаттың қысқартылуы – жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға негіз болатын жағдайлардың бірі. Алайда жұмыс берушінің штатты қысқартуы еңбек құқықтарының автоматты түрде тоқтатылуын білдірмейді.
Мәселен, Еңбек кодексінің 53-бабы 1-тармағына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы кемінде бір ай бұрын хабарлауға міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімі болған жағдайда еңбек шарты хабарлама мерзімі аяқталғанға дейін де бұзылуы мүмкін.
Зейнетке шығуына аз қалған қызметкерлер қысқартылмайды
Зейнет жасына жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлерге ерекше назар аудару қажет. Оларды қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуына байланысты жұмыстан босатуға жол берілмейді.
Еңбек кодексінің 131-бабына сәйкес, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуына байланысты еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші қызметкерге бір айдағы орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлеуге міндетті. Еңбек немесе ұжымдық шартта төлемнің бұдан да жоғары мөлшері көзделуі мүмкін.
Еңбек кодексінің 113-бабы 4-тармағына сәйкес, қызметкерге тиесілі барлық төлем еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс.
Егер жұмыс беруші қызметкерге тиесілі төлемдерді төлемесе немесе жұмыстан босату тәртібін бұзса, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына, келісу комиссиясына немесе сотқа жүгінуге құқылы. Бұл ретте еңбек қатынастарын растайтын құжаттардың болғаны жөн.
Биылдың өзінде Астанада 1330 қызметкерге алдағы қысқарту туралы хабарлама жіберілді. Олардың 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналастырылды, 144 қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр.