Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығарады

Экономист Руслан Султанов Ұлттық банк 4 қыркүйек күні базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін екенін жазады. Өйткені нарық қатысушылары мен бірқатар сарашылар, қаржы институтының болжамы бір жерден шығып отыр.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан сарапшылардың 60%-ы бас банк мөлшерлемені 16,5%-ға дейін жұмсаратынына бәс тігіп отыр.
Десе де, респонденттердің 28%-ы көрсеткіш өзгеріссіз қалады десе, 12%-ы тіпті өсуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Ал қаржыгер Сұлтан Елемесов бас банк мөлшерлемені бірден 50 базистік пунктке төмендетіп, содан кейін теңге бағамы әлсірейді деген пікірде.
Ұлттық Банктің бұған дейін жарияланған сауалнамасы да ұзақ мерзімді трендтің төмендеуге бағытталғанын айқындайды. Ондағы медианды болжам бойынша, базалық көрсеткіш жыл соңына қарай 16,0%-ға, келесі жылдарда тиісінше 13,0% бен 10,5%-ға дейін біртіндеп азаяды.
Шілдедегі шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендеткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке базалық мөлшерлеме мәселесін пайымдап шешуді тапсырғаны белгілі.
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банк белгілейтін ең басты қаржы индикаторы. Бұл – Орталық банктің екінші деңгейлі банктерге беретін қарызының немесе олардан депозитке алатын ақшасының пайыздық мөлшерлемесі.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – «ақшаның өзіндік құны». Оның деңгейі елдегі инфляция, несие мен депозиттердің пайызына және жалпы экономикалық белсенділікке тікелей әсер етеді.