Ұлттық брендтен дипломатиялық тартуға дейін: президент тазыны неге ерекше құрметтейді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев пен Макрон / фото: Ақорда

Қазақ халқы үшін жеті қазынаның бірі саналатын тазы тұқымы соңғы жылдары мемлекеттік дипломатияның да маңызды символына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде танытуға жеке қолдау көрсетіп келеді, деп жазады Kursiv.Media

Халықаралық дипломатиядағы тазының орны

Президенттің бастамасымен тазы құмайы жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулердің көркіне айналды.

2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Франция президенті Эмманюэль Макронға Жюль және Жанна есімді екі тазы күшігін сыйға тартқан болатын.

фото: Ақорда

Кейін, 2024 жылдың қарашасында Парижге сапары кезінде қос мемлекет басшысы Елисей сарайының бағында өсіп қалған тазылармен бірге серуендеді.

фото: Ақорда

2024 жылы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға сапары аясында мәдени шаралар өтіп, мәртебелі меймандарға алтын артефакттармен бірге қазақ тазылары таныстырылды.

фото: Ақорда

2025 жылы Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасымен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аймағындағы ұлттық-мәдени кешенге барғанда да тазылар мен алғыр құстардың шеберлігі көрсетілді.

фото: Ақорда

Жеке құрмет пен ұлттық бренд

Президенттің өзі де бұл асыл тұқымға ерекше ықыласпен қарайды. Тоқаевтың Нэнси және Наурыз есімді тазылары бар. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергенге де тазы күшігін сыйға тартқан. Әнші Президент сыйлаған тазысына «Ғарышкер» деген есім бергенін айтқан болатын.

фото: instagram

Тазының әлемдік деңгейде мойындалуы

Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары елімізде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы арнайы заң қабылданды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшелігіне өтті. 2024 жылдың қыркүйегінде Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын дербес тұқым ретінде ресми түрде алдын ала мойындап, Қазақстанды осы тұқымның отаны деп бекітті. Енді жыл сайын 3 қыркүйекте «Қазақ тазысы мен төбеті күні» атап өтіледі.

Сондай-ақ оқыңыз