Subaru көліктерінің қайсысы жиі істен шығады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Subaru сенімділігімен танылған жапон маркаларының бірі. Алайда оның да сәтсіз шыққан модельдері бар. Америкалық SlashGear журналы көлік иелерінің пікірлері мен АҚШ Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының (NHTSA) деректерін зерттеп, сатып алар алдында мұқият тексерген жөн болатын Subaru-дың бес моделін атады.

2013 жылғы Outback

Төртінші буындағы Outback көліктері 12 рет кері шақырылған. Оған электр жүйесі, руль бағаны, қауіпсіздік жастықтары, электронды тұрақ тежегіші және оталдыру құлпына қатысты мәселелер себеп болған.

Бұдан бөлек, көлік иелері басқа да ақауларға, соның ішінде машинаның өздігінен күтпеген жерден жылдамдық қосу жағдайларына шағымданған.

2014 жылғы Forester

Бұл Forester моделіне қатысты негізгі шағым – қозғалтқыш майының шамадан тыс жұмсалуы. Кейбір көлік иелері май ауыстыру аралығында оны төрт ретке дейін толықтыруға тура келгенін айтқан.

Сондай-ақ артқы серіппелердің сынуы, діріл және көліктің қозғалыс кезінде қозғалтқышының өшіп қалуы сияқты ақаулар кездескен.

Бұдан бөлек, тежегіш педалі басылып тұрған кезде көліктің өздігінен жылдамдық қосқан жағдайлары туралы хабарланған. Көлік иелері мұндай ақаулардың кейбірін жол апаттарымен байланыстырған.

2019 жылғы Outback

Бұл модельдік жыл бойынша NHTSA-ға 1032 шағым түскен. Негізгі мәселелердің бірі – аккумулятордың отырып қалуы. Бұл ретте жаңа аккумулятор орнату мәселені әрдайым шеше бермеген.

Тағы бір жиі кездесетін шағым – алдыңғы әйнектің аяқ астынан жарылып кетуі.

2019 жылғы Ascent

Subaru-дың ең ірі кроссовері Ascent моделінің алғашқы шығарылған жылы ақауларға байланысты проблемалы болған. Көлік иелері аккумулятордың отырып қалуына және әйнектің жарылуына шағымданған. Сонымен қатар шығару жүйесінен көк түтін шығатыны туралы хабарламалар болған.

Бұдан бөлек, Subaru көліктерді тұрақта тұрған кезде өрт шығу қаупіне байланысты кері шақырған. Бұған жылытқыш элементінің дұрыс бекітілмеуі себеп болған. Соның салдарынан жерге қосу түйіспесі балқып кетуі мүмкін болған.

2015 жылғы Legacy

Бұл Legacy моделінің барлық модельдік жылдары арасында ең көп шағым түскен нұсқа болды. Көлік иелерінің наразылығы қозғалтқышқа, трансмиссияға және отын жүйесіне қатысты болған.

Сондай-ақ тежегішті басқан кезде көліктің күтпеген жерден жылдамдық қосқаны туралы жағдайлар тіркелген.

2016 жылы Subaru тұрақтандыру жүйесіндегі ақауға байланысты көліктерді кері шақырған. Бұдан бөлек, қауіпсіздік жастықтары мен алдыңғы әйнектің жарылуына қатысты шағымдар да болған.

Бұл тізім Қазақстандағы көлік сатып алушыларға жүрілген Subaru таңдағанда пайдалы болуы мүмкін. Марканың танымалдығы көліктің мінсіз жұмыс істейтініне кепілдік бермейді. Сондықтан нақты автокөліктің техникалық жағдайы мен оған жасалған қызмет көрсету тарихына да мұқият назар аударған жөн.

Тағы да оқыңыз: Қандай жүрілген көліктерді сатып алмаған жөн – маман кеңесі

Сондай-ақ оқыңыз