Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа ережелерін 2027 жылы әзірлейді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарын азаматтардың жас ерекшелігіне қарай инвестициялау тетіктері қарастырылып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл реформаны жүзеге асыруға қажетті нормативтік құжаттар 2027 жылы әзірленеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Қазірдің өзінде бір басқарушы компанияда бірнеше стратегияның болу мүмкіндігі бар. Азаматтар қаржысын БЖЗҚ-дан алып, жеке басқарушыларға сенім білдірген кезде бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Бұл реформа осыдан жарты жыл бұрын енгізілген. Ал жас ерекшелігіне қарай диверсификациялауға келсек, мұнда қарапайым қаржылық әрі әлеуметтік логика жатыр. Мысалы, университетті жаңа бітірген 22 жастағы азаматтың алдында зейнетке дейін 40–50 жыл еңбек жолы бар, сондықтан ол тәуекелі жоғары стратегияны таңдай алады. Ал 60 жастағы адамның жинағын тәуекелі жоғары портфельге салып, зейнетке шығар сәтте бәрінен айырылып қалуына жол беруге болмайды», – дейді Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұл әлі де реформаның жалпы тәсілдері ғана. Қаулылар мен нормативтік құжаттардың жобалары бағдарлама бекітілгеннен кейін, негізінен 2027 жылы әзірленеді.
Сондай ақ брифинг барысында Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан бөлінетін 5 трлн теңге инфляцияға қалай әсер ететінін айтқан еді.