Ұлттық қордан бөлінетін 5 трлн теңге инфляцияны үдетіп, қымбатшылыққа әкеле ме

Ұлттық банк төрағасы журналистерге арналған брифингте экономикаға Ұлттық қордан алдағы үш жылда 5 трлн теңге алу инфляцияны үдетіп, қымбатшылыққа алып келмей ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Бұл біздің болжамымызға әсер ететін жаңа факторлардың бірі. Өйткені 5 триллион теңге бөлу туралы шешім таяуда ғана қабылданды. Үкімет бұл туралы айтып, оны 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына енгізді. Біз бұған мұқият қарап, модельдеп, ықтимал әсерін бағаладық. Естеріңізде болса, 3 жылға 5 трлн теңге бөлінеді. Келесі жылы 2 трлн, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден. Бұл айтарлықтай үлкен сома болып көрінгенімен, 200 триллион теңгеден асатын жалпы экономикамыздың ауқымымен салыстырғанда тым үлкен цифр емес», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, абсолютті түрде өте үлкен болып көрінетін цифрды әрдайым өсіп келе жатқан экономикамызбен салыстыру керектігін ұмытпаған жөн.
«Сондықтан бұл жерден инфляцияға кері әсер ететіндей төтенше ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Деректерді есептеулер мен модельдерге енгіздік. Ең бастысы бұл бағдарламаның тиімді іске асырылуы, экономиканың әлеуетін арттыруға, «тар өткелдерді» шешуге және қосылған құн өндірісін құруға көмектесуі. Яғни, сұраныс пен ұсыныс теңгеріліп, отандық тауарлар мен қызметтердің өсуі қамтамасыз етілуі тиіс. Сонда ғана сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықты жаба аламыз. Үкіметпен арада дұрыс үйлесім бар, бұл мәселе толық бақылауда», -деді Сүлейменов брифинг барысында.
Сондай – ақ Ұлттық банк төрағасының айтуынша, әлемдегі мұнай бағасының қымбаттауы ел бюджетіне тиімді.
«Түсімдер де көбейіп жатыр, өйткені бұдан республикалық бюджеттің кірісі де артады. Бұл біз үшін тиімді. Дегенмен, екінші жағынан, дамыған елдерде инфляция өскен сайын, ол жақтан біз импорттайтын тауарлардың да бағасы сәл өсуі мүмкін. Бірақ тұтастай алғанда, мұнай бағасының өсуі ел экономикасына оң әсер етеді», деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендеткен еді.