Қариннің құзыретіне не кіреді: Тоқаев вице-президент өкілеттігін бекітті

Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент өкілеттігін айқындап берді. Арнайы жарлыққа 5 қыркүйек күні қол қойылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Аталмыш жарлық ел Конституциясының 49-бабы, 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес қабылданды. Соның негізінде вице-президент Ерлан Қариннің құзыретіне не кіретіні айқындалған.
Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының вице-президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді және оларды президентке ұсынады.
Ол президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтай, үкімет, басқа да мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Сондай-ақ вице-президент президент тапсырмасымен халықаралық іс-шараларға қатысады.
Оған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқару және Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік ету жүктелді.
Бұдан бөлек, вице-президент мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, геральдика, шетелде кадрларды даярлау, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссиялардың, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді. Ол президент тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында вице-президент өкім шығаруға және өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық пен жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге құқылы.
Ол Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатыса алады.
Вице-президент мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға, сондай-ақ президент актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.
Қазақстан Республикасы вице-президентінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан Президент әкімшілігі қамтамасыз етеді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енген.
31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының вице-президенті болып тағайындалды. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған ол саяси зерттеулермен айналысып, ғылыми институт пен ұлттық телерадиокорпорацияны басқарған. Мемлекеттік хатшы және Мемлекеттік кеңесші болған Қарин бұған дейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.