25 жылдан кейін бостандыққа шыққан «балталы маньяк» қайта адам өлтіруге оқталды

Петропавлда түрмеде ширек ғасыр отырған «балталы маньяк» лақап атымен белгілі қылмыскер бостандыққа шыққан соң қайтадан ескі әдетіне басқан.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, 90-жылдардың үрейіне айналған, жеті жасар қызды өлтіріп, зорлаған, 11 қарақшылық шабуыл жасап, әйелдерге қатыгездік көрсеткен 62 жастағы Валерий Кричиневскийге қатысты үкім шығарылды.
Ол 25 жылдық жазасын өтеп, 2024 жылдың қаңтар айында бостандыққа шыққан болатын.
Бастапқыда оны Әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырып, пробациялық бақылаудағы тұлға ретінде есепке алды. Алайда қылмыскер баяғы әдетіне қайта басқан.
Биыл шілде айында қала шетінде саяжайдан қайтып келе жатқан 54 жастағы әйел оның кезекті құрбаны бола жаздаған. Маньяк оны аңдып тұрып, «жоғалған сиырды көрмедің бе?» деп сұраған. Әйел тоқтай бергенде, ол бірден бас салып, жерге құлатып, тұншықтыра бастаған. Оған кездейсоқ өтіп бара жатқан жолаушы кедергі болған.
Маньяк алаңдап қалған сәтте әйел велосипедімен күре жолға дейін жетіп, көлік тоқтатып, жүргізушіден шұғыл полиция шақыруды өтінген.
Шабуыл жасаған адамды ізін суытпай ұстауға бақылау шарттары бойынша таққан электронды білезігі көмектесті.
Сот жабық режимде өтті. Бүгін судья Тахмина Собирова үкімді жариялады. Қылмыстық-атқару жүйесінің барынша қауіпсіздігі бар мекемесінде тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бұл осы бап бойынша заңмен көзделген ең жоғары жаза мерзімі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кететін жайт, Түркістан облысы Кентау қаласында маньяк жүр деген ақпарат мессенджер арқылы тарап, қала тұрғындарының үрейін ұшырған.