«Ай біздікі»: Трамп Айдың АҚШ-қа тиесілі екенін меңзеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: truthsocial.com/@realDonaldTrump

АҚШ президенті Дональд Трамп 6 қыркүйекте Truth Social желісінде америкалық ту бейнеленген Айдың суретін жариялады.

Суреттің бетіне «The Moon is ours» – «Ай біздікі» деген жазу жазылған.

Бұл жазба Трамптың географиялық нысандардың атауын өзгерту туралы соңғы мәлімдемелерімен қатар жарияланды. Алайда оның жазбасынан АҚШ-тың Айға иелік ететіні туралы қандай да бір ресми шешім қабылдағаны байқалмайды.

Халықаралық құқық бойынша мұндай әрекетке жол берілмейді. 1967 жылғы Ғарыш туралы келісімнің 2-бабында Ай мен басқа да аспан денелері мемлекеттердің ұлттық иелігіне жатпайтыны нақты көрсетілген. Оларды егемендік жариялау, басып алу немесе өзге тәсілмен иемденуге болмайды.

1979 жылғы Ай туралы келісімде де Ай мен оның табиғи ресурстары «адамзаттың ортақ мұрасы» деп белгіленген. Сонымен қатар Айды немесе оның ресурстарын мемлекет меншігіне алуға тыйым салынған.

АҚШ 1967 жылғы Ғарыш туралы келісімге қатысушы мемлекет болғанымен, 1979 жылғы Ай туралы келісімге қосылмаған.

Айта кететін жайт, америкалықтар Айдың бетінде жүйіткитін жаңа дөңгелектерді сынақтан өткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз