Инфляция қай елде жоғары: Қазақстан көршілер арасында екінші орында

Қазақстанмен көршілес елдердің арасында баға ең қатты өсіп жатқан ел Қырғызстан болып отыр. Соңғы қолжетімді деректер бойынша Қазақстан инфляция деңгейі жағынан Қырғызстаннан кейінгі орында тұр. Ал Қытайда баға өсімі 1%-ға да жетпейді деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қырғызстанда инфляция 11,7%-ға жетті
Қырғызстанда жылдық инфляция 11,7%-ды құрады. 2026 жылдың басынан бері елдегі тұтыну бағалары 7,3%-ға өскен. Қырғызстан Ұлттық банкі бағаның өсуіне сыртқы факторлар, импорт құнының қымбаттауы, жанар-жағармай мен азық-түлік бағасының өсуі әсер етіп отырғанын айтады. Бұл туралы реттеуші 25 тамыздағы мәлімдемесінде жазды.
Салыстырар болсақ Қазақстанда тамыз қорытындысында жылдық инфляция 9,8% болды. Шілдеде көрсеткіш 10,2% еді. Бір жылда азық-түлік бағасы 9,5%, азық-түлік емес тауарлар 11,4%, ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады. Бұл Ұлттық статистика бюросының дерегінде көрсетілген.
Көрші елдердегі инфляция
Ресейде инфляция қайта үдеді
Ресейде 31 тамыздағы жағдай бойынша жылдық инфляция 6,32% болды. Шілденің соңында ол 5,98% еді. Тамыздың соңғы аптасында тұтыну бағасы 0,01%-ға төмендегенімен, жылдық көрсеткіш өскен.
Бұл әзірге Ресей Экономикалық даму министрлігінің жедел бағалауы. Росстат тамыз айының толық инфляция көрсеткішін 11 қыркүйекте жариялайды. 25–31 тамыздағы баға өзгерісі туралы Росстаттың есебінде берілген.
Өзбекстанда инфляция 6,2%-ға дейін баяулады
Өзбекстанда тамызда жылдық инфляция 6,2% болды. Бір айда тұтыну бағалары 0,2%, ал жыл басынан бері 3,4%-ға өскен.
Азық-түлік бір жылда 6,2%, азық-түлік емес тауарлар 5,9% қымбаттады. Осылайша Өзбекстандағы инфляция Қазақстандағы көрсеткіштен 3,6 пайыздық тармаққа төмен. Тамыз айының қорытындысын Өзбекстанның Ұлттық статистика комитеті 5 қыркүйекте жариялады.
Қытайда инфляция небәрі 0,5%
Көрші елдердің ішінде баға өсімі ең төмен ел Қытай. Соңғы жарияланған, яғни шілде айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 0,5% болды. Азық-түлік бағасы бір жылда 1,5%-ға арзандаса, азық-түлік емес тауарлар 0,9%-ға қымбаттаған.
Қаңтар–шілде аралығында Қытайдағы орташа инфляция 0,9%-ды құрады. Тамыз айының көрсеткіші 9 қыркүйекте жариялануы тиіс. Қазіргі соңғы ресми мәлімет Қытай Ұлттық статистика бюросының есебінде берілген.
Түрікменстанда жедел статистика жоқ
Түрікменстанда көрші елдермен бірдей форматтағы жедел айлық инфляция статистикасы ашық жарияланбайды. Сондықтан оны тікелей рейтингке қосу дұрыс емес.
Халықаралық валюта қорының бағалауынша, Түрікменстандағы инфляция 2026 жылдың соңына қарай 6,9%-ға жетуі мүмкін. ХВҚ баға өсіміне азық-түлік пен импорттың қымбаттауы әсер ететінін болжады.
Осылайша, соңғы қолжетімді көрсеткіштер бойынша көрші елдер арасында инфляция Қырғызстанда – 11,7%, Қазақстанда – 9,8%, Ресейде – 6,32%, Өзбекстанда – 6,2%, Қытайда – 0,5%. Қазақстандағы баға өсімі Қырғызстаннан төмен болғанымен, Ресей мен Өзбекстаннан шамамен 3,5 пайыздық тармаққа, ал Қытайдан 9,3 пайыздық тармаққа жоғары.