Концерттен кейін KeshYOU-дың өмірінде не өзгерді

Белгілі продюссер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға сұхбат берді. Әңгімесінде Алматыдағы концерттен кейін KeshYOU тобының өміріндегі өзгерістер жайлы да айтып берді хабарлайды Kursiv Media.
Алагөзованың сөзінше, концерттен кейін топқа деген сұраныс күрт артып кеткен.
«Концертке дейін де қыздар көп жұмыс істейтін, енді концерттен кейін бір күн бос емес. Яғни салған қаражат қайтарылып жатыр. KeshYOU күн сайын жұмыс істеп, жақсы ақша тауып жатыр. Топ әрқашан менің нөмірі бірінші бизнесім болған және солай қала береді де», – дейді Алагөзова.
Сондай-ақ ол Алматы мен Астанадағы концерт билетінің бағасы неге қымбат деген сұраққа да жауап берді. Сөзінше, Астанадағы концерт залында орын аз, шоу шығынын ақтау үшін бағаны екі есе көтеруге тура келген.
«Шығынымызды ақтау үшін бағаны көтеруге мәжбүр болдық. Енді шоуды толығымен ақтап алады дей алмаймын, ол тым қымбат жоба. Бірақ билет бағасы да тым қымбат деуге келмейді. Алматыда бес мыңнан болса, Астанада баға он мыңнан басталады. Оның өзінде костюм бойынша шығындарды ғана қайтарып аламыз», – деп түсіндірді продюссер.
Айта кетейік, KeshYOU-дың 20 жылдығына арналған шоу 19 қыркүйекте «Барыс Арена» алаңында өтеді. Бірақ алтын құрамның бір мүшесі Айдана Меденова ол шоуға қатыспайтын болды.