Қазақ ғалымдары картоптың жаңа сортын шығарды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: pixabay.com

Қазақстандық ғалымдар жоғары өнімділігі және ауруға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» атты жаңа картоп сұрыпын шығарды. Жаңа өнімді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының мамандары бірлесіп әзірлеген деп хабарлайды Kursiv Media.

Ғалымдар дәстүрлі селекция әдістерін биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық тәсілдермен ұштастырып, Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайына бейімделген сортты іріктеген.

«Айтхожин» – ерте пісетін, жоғары өнімді сорт. Ол гектарына 35 тоннаға дейін өнім береді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері ұсақ әрі аз. Құрамындағы крахмал мөлшері 14,1–18,3%, С дәрумені 21,1–24,3 мг% деңгейінде.

«Бұл сорт – бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, тиімді шешімдерді іздеген ғалымдар ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Селекциялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер бір-бірін толықтырып, ғылыми нәтижені нақты селекциялық жетістікке жеткізуге мүмкіндік берді», – дейді зерттеуші Меруерт Қошмағамбетова.

Жаңа сортқа академик Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің есімі берілген. Қазір ғалымдар «Айтхожин» сортын мемлекеттік сынаққа ұсынып, оны құқықтық қорғау рәсімдерін жүргізуге дайындалып жатыр. Кейін өнімді өндіріске енгізу жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Қазақ ғалымы диабетке қарсы әсері бар өсімдікті анықтады

Сондай-ақ оқыңыз