Қостанайда саяжайлар өртенді

Қостанай облысының Жітіқара ауданында ірі дала өрті шығып, оны сөндіруге 189 адам мен 39 техника жұмылдырылды. Бұл туралы ТЖМ-ға сілтеме жасап Kursiv Media хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, өрт туралы ақпарат Большевик кентінен түскен. Елдімекен маңындағы ашық аумақта қураған шөп жанған. Оған жақын маңда саяжайлар да болған. Көпшілігі демалыс күндері онда егін жинау үшін барған. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа қарағанда, бірнеше саяжай өртеніп кеткен.
Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер «Өрт сөндіруші» ЖШС, жергілікті атқарушы органдар, «ҚМ» АҚ, ішкі істер департаменті және орман шаруашылығы өкілдері тартылған.
Құтқарушылардың айтуынша, қураған шөптің көп болуы мен қатты жел де өрт сөндіруді қиындатты. Жалын тек түнгі сағат екілер шамасында ғана сөндірілді.
Қазір аумақта су себу және бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. ТЖМ мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ресми ақпарат түспеген.
Бұған дейін Марқакөлде орман өртеніп жатқаны хабарланған еді. Өрт сөндіруге авиациялық қорғау аясында тікұшақ та тартылған.