Заңсыз құжат жасаған: ҰҚК көші-қон полициясы экс-басшысына қатысты іс қозғады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы Көші-қон полициясы басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын ресми түрде растады. Бұл туралы BES.media сайты хабарлайды.
Бұған дейін белгілі журналист Михаил Козачков ішкі істер органдарынан босатылған бұрынғы шенеуніктің ұсталғанын хабарлаған. Ол шетелдіктерге заңсыз құжат, оның ішінде тұруға ықтиярхат рәсімдеуге көмектескен қылмтыстық топ құрамында болды деген күдікке ілінген.
Журналистің мәліметінше, осы іс аясында бұған дейін елордалық Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева да тұтқындалған.
Сондай-ақ іске басқа да күштік құрылым өкілдері қатысты болуы мүмкін.
Алайда ҰҚК Махметовтің тұтқындалғанын және істің нақты баптарын ашып айтпады. Ведомство тергеу мәліметтері заңға сәйкес жария етуге жатпайтынын хабарлады.
Бұған дейін көші-қон заңнамасын бұзған 1,5 мыңнан астам шетелдік елден шығарылған.