Бастауыштың математикасында 5-7 сынып тапсырмасы болған – министр себебін түсіндірді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Бастауыш сынып оқушыларына берілетін кейбір математика тапсырмалары ата-аналардың өзіне қиындық туғызуда. Есептің жауабын табу үшін баласына көмектесе алмай, ChatGPT-ге жүгінетін ата-аналар да бар. Осыған байланысты оқу бағдарламасындағы тапсырмалар баланың жас ерекшелігіне қаншалықты сай келеді? Оқу бағдарламасын жеңілдету немесе бұрынғы жүйенің тиімді тәсілдерін қайтару қарастырыла ма?! Бұл мәселені Kursiv.Media тілшісі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан сұрап көрді.

Математика бағдарламасы қайта қаралды

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, биыл министрлік бастауыштағы білім мазмұны мен бағалау жүйесін, сондай-ақ оның балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігін жан-жақты зерделеген.

«Математика пәні бастауышта 51 мақсатты құрайды. Сол 51 мақсаттың небәрі 16-сы ғана бастауыштағы баланың жас ерекшелігіне келеді. Олар қосу, алу, сандардың жалпы мәнін түсіну және сандарды ұғыну сияқты мақсаттар. Қалғанының көпшілігінде 5, 6, 7-сыныптардың математикасындағы материалдар бар екенін көрдік», – деді министр.

Осыған байланысты бастауыштағы математиканың кейбір тақырыптарын 5-сыныпқа, кейбірін 7-сыныпқа ауыстыру туралы шешім қабылданған.

Министрдің сөзінше, математикадағы анықталған кемшіліктер бойынша түзетулер жаңа оқу жылынан бастап оқулықтарға енгізілген. Нәтижесінде бастауыш білімнің мазмұны толық жаңартылып, математикадағы тапсырмалар жеңілдетілген.

«Бастауыш – баланың білім алуға қызығушылығын оятатын кезең»

Министр бастауыш сынып оқушылары әлі де ойын баласы екенін атап өтті. Сондықтан оқу процесінде баланың жас ерекшелігін ескеру маңызды.

«Бастауыштағы бала әлі де ойын баласы. Бала әлі де партаға отыруды және өзінің жас ерекшелігіндегі балалармен әлеуметтенуді көп қиындатады. Кейде мектептен қиналатын кездер болады. Біз қазір бастауышты баланың қиналатын емес, білім алуға қызығушылығын оятатын кезең деп білеміз», – деді министр.

Бастауыштағы бағалау жүйесі де өзгереді

Сүлейменова бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне қатысты да өзгерістер қажет екенін айтты. Оның пікірінше, оқушының бір күнгі жағдайына байланысты алған бағасы бүкіл тоқсандық нәтижесіне әсер етпеуі керек.

«Бастауыштағы ең қиыны – БЖБ, ТЖБ. Бала күнделікті келіп, сабақ айтуы мүмкін. Бірақ ол ТЖБ-ны ауырып, дұрыс жаза алмауы мүмкін. Оның барлық тоқсандық бағасына әсер етеді. Мұны объективті деп ойламаймыз», – деді ол.

Осыған байланысты министрлік оқушының күнделікті оқуына және сабақтағы нәтижесіне көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отыр.

Оқу мен жазу сауаттылығына басымдық беріледі

Министр бастауыштағы оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған өзгерістерді де атап өтті. Оның айтуынша, оқу барысында баланың мәтінді түсінуі, оқығанын түйсінуі және өз ойын жаза білуіне көбірек мән берілмек.

Биылдан бастап екінші сыныптан аралық бақылау жұмыстары да нақты жүйеге келтірілген. Мысалы, қай күні диктант, мазмұндама немесе шығарма алынатыны, әр сыныпта қанша сөз жазылуы керектігі және жұмыстың қандай критерий бойынша бағаланатыны белгіленген.

«Бұл не үшін қажет?! Балалардың оқу-жазу сауаттылығын, оқығанын жаза білуін, оқығанын және жазғанын айта білуін қарастырып жатырмыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Тағы да оқыңыз: Мұғалімдер сабақ сағаты үшін директорға жалтақтамайды: жүктемені ЖИ бөліп береді.

Сондай-ақ оқыңыз