Экс-депутат Бақытжан Базарбек қағып кеткен ер адам есін жиды

Экс-депутат Бақытжан Базарбек қағып кеткен ер адам комадан кейін есін жиды. Бұл туралы Бақытжан Базарбек Facebook желісінде хабарлады.
«24 күн өткен соң Нұржігіт комадан шығып, есін жиды. Анасын, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр», – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Тараз қаласының дәрігерлері зардап шеккен ер адамға кешенді ем-дом көрсетуді жалғастырып жатыр.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайдың жақсарғанын растады, алайда науқасқа әлі де қарқынды ем қажет.
«Науқастың жалпы жағдайы политравмаға байланысты ауыр күйінде қалып отыр. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан қарқынды терапия аясында оң динамика байқалады. Дәрігерлер емді толық көлемде жалғастырып, науқастың жағдайын динамикалық бақылауда ұстап отыр», – деп хабарлады ведомстводан.
Оқиғаның мән-жайы
Еске сала кетейік, жол апаты тамыз айының ортасында Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында болған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, Бақытжан Базарбек жолдың жүру бөлігінде жүрген ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылып, жағдайы ауыр деп бағаланды, кейін ол Тараз қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Экс-депутат науқас сауығып шыққаннан кейін, оған Астана мен Алматы қалаларынан нейрохирургиялық және басқа да қажетті медициналық көмек алуға жеке өзі көмектесетінін уәде етті.