Қазақстан Каспийдегі жобаға ресейлік компанияның орнына Қытай инвесторын тартпақ

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Жобаға инвестор ретінде қытай компаниясы келе ме / Фото: shutterstock.

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) Каспийдегі «Қаламқас-теңіз, Хазар» мұнай-газ жобасын қайта жандандыру үшін Қытайдың CNOOC мемлекеттік корпорациясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Қыркүйек айында отандық делегация диалогты жалғастыру мақсатында Бейжіңге аттанбақ, деп жазады Upstream басылымы.

Ірі жоба бұған дейін КМГ-ның өнеркәсіптік серіктесі болған ресейлік «Лукойл» компаниясына АҚШ санкцияларының енгізілуіне байланысты тоқтап қалған еді.

Қазақстан бұған дейін Қытай тарапымен келіссөз бастағанымен, ресейлік корпорация өз үлесінің құнын толық төлеуді талап еткендіктен, іс аяқсыз қалған болатын. Қазір тараптар төлем сомасы бойынша бір мәмілеге жақындап қалған сыңайлы.

Инвестиция көлемі 6,4 млрд долларды құрайтын жоба аясында жылына 4 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған.

Өңірдегі «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» учаскелерінің көмірсутек қоры 48,5 млн тонна мұнай мен 19 млрд текше метр газды құрайды. Мұндағы өндіріс процесі басталған жағдайда өндіру көлемі тәулігіне 80 мың баррельге жетуі мүмкін.

Дегенмен жобаны тез арада іске қосу оңайға соқпайды. CNOOC келісімшартты ұзақ уақыт мақұлдап, жергілікті мердігерлердің мүмкіндіктерін мұқият зерттеуі ықтимал. Ал дайындық жұмыстарының бір бөлігі аяқталғандықтан, бұл нысан инвестор үшін тартымды болып отыр.

КМГ мен CNOOC серіктестігі кейінгі жылдары нығая түсті. Тараптар 2023 жылы өзара түсіністік меморандумына қол қойса, 2024 жылы Теңіз кен орнының батысындағы «Жылыой» учаскесін барлау үшін «Zhylyoy Operating» бірлескен кәсіпорнын құрды. Бұл учаскедегі мұнай қоры 185 млн тоннаға бағаланып отыр.

Былтыр ҚМГ басшысы Асхат Хасенов пен CNOOC директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Чуаньцзян шілдеде Бейжіңде, сондай-ақ қыркүйекте Астанада кездесіп, ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Осылайша жақын айларда «Қаламқас-Хазар» жобасындағы ресейлік серіктесті қытайлық инвестор алмастыруы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз