Қазақстандағы ірі кәсіпкерлердің мұрагерлері немен айналысады

Қазақстанда ірі бизнестің тізгінін біртіндеп кәсіпкерлердің балалары ұстай бастады. Олар әлеуметтік желі жүргізбейді, жиі сұхбат бермейді, миллиондаған оқырмандары да жоқ. Бірақ соған қарамастан ірі бизнестің иесі атанып үлгерген. Бірі ата-анасы құрған компанияларды басқарса, енді бірі отбасылық капиталға сүйеніп, өз жобаларын дамытып жүр. Kursiv.Media елдегі ықпалды кәсіпкерлердің бизнесін жалғастырып жүрген кей мұрагерлер туралы материалды ұсынады.
Шухрат Ибрагимов

Қазақстандағы ең ықпалды бизнес-әулеттің бірі – Ибрагимовтар әулеті. Әулеттің әкесі Әлижан Ибрагимов – ірі қазақстандық кәсіпкер, ERG негізін қалаушының бірі. 2021 жылы 68 жасында қайтыс болған Ибрагимовтың артында жесірі Мұқадасхан Ибрагимов пен төрт ұлы қалды: Дастан, Даврон, Шухрат және Фурхат. Дегенмен бизнестің негізгі мұрагері, әулеттің атынан мәселелерді шешуші – 39 жастағы Шухрат Ибрагимов.
Сөзінше, отбасылық бизнеске ол 12 жасынан бастап араласқан. «Келіссөздер жүріп жатқанда, бір бұрышта отырып үнсіз тыңдап отырамын. Ал түсінбеген тұсын дәптерге жазып алып, кейін әкемнен сұрайтын едім», – дейді ол сұхбатында.
Қазір Шухрат Ибрагимов – Еуразиялық қаржы компаниясының ортақ иесі, ERG компаниясының бас атқарушы директоры (CEO). Серіктестерімен болған ұзақ даудың пайдасы да Ибрагимовтар пайдасына шешілді. Ал Ибрагимовтар әулетінің жалпы дәулеті 1,67 млрд доллар деп бағаланып отыр.
Павел Белович
Тағы бір бай кәсіпкер отбасы – Беловичтер әулеті. Олардың негізгі активі – Bazis-A құрылыс компаниясы. Негізін қалаған – Александр Белович. Дәулеті 681 млн доллар деп бағаланған, Forbes Kazakhstan-ның ең бай бизнесмендер рейтингінде 15-орын иеленген. Бірақ Белович бизнесін тек өзі басқармайды, тізгінді ұлы Павел Беловичке берген.
Ол әкесімен бірге компанияның негізгі құрылымдарына иелік етеді және Bazis Construction басқарма төрағасы қызметін атқарады. Павелдің атына бірнеше ірі компаниялар тіркелген. 2019 жылғы Беловичтің байлығы 150 млн доллар деп бағаланған.
Павел басқаратын топтың жаңа жобаларының бірі – Маңғыстау жағалауындағы Caspian Plaza тұрғын үй кешені. Жобаға шамамен 20 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Байқағанымыздай, ашық деректе Павел Беловичтің кәсібіне қатысты ғана ақпарат бар, жеке өмірі, отбасы туралы мүлде тіс жармайды.
Алима Боранбаева

Ірі, танымал бизнесмендер туралы айтқанда Қайрат Боранбаевты айналып кете алмаймыз. Forbes Kazakhstan-ның былтырғы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингіндегі ол сегізінші орынға тұрақтады. Сержан Жұмашпен бірге Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығы мен Esentai Tower бизнес-орталығына иелік етеді.
Ал былтыр кәсіпкер «Целинный» заманауи мәдениет орталығын ашты. Оны Боранбаевтың қызы Әлима Қайрат басқарады. Боранбаевтың төрт баласының ішінде Әлима ең үлкені әрі медиада танымалы да , өзге балалары туралы ақпарат жарияланбаған. Әлима Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұм немересі Айсұлтан Назарбаевтың жары болған, бір қызы бар.
Қазір – «Целинный» заманауи мәдениет орталығының көркемдік директоры әрі «Целинный» заманауи мәдениетті дамыту және қолдау қорының құрылтайшысы. Қор 2020 жылдан бері 7,8 млн теңге салық төлеген.
Сонымен қатар Әлима Боранбаева үш ЖШС-ның құрылтайшысы. Олардың бірі – «АТЦ-Галерея» ЖШС. Компания жылжымайтын мүлікті жалға беру және бөлшек саудамен айналысады. «АТЦ-Галерея» I’m мейрамханалары орналасқан ғимараттарға иелік етеді.
Әсел Тасмағамбетова

Әсел Тасмағамбетова – кәсіпкер, жақында ғана «Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер» рейтингінде бесінші орынға көтерілді. Эколог, бірнеше бизнес иесі. Дегенмен оның мансабына саяси әулетінің қатысы бар екенін де айта кету керек. Әсел – ықпалды мемлекеттік қызметкердің отбасынан шыққан кәсіпкер. Оның әкесі Иманғали Тасмағамбетов елдегі жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарған. Ал күйеуі Кеңес Рақышев елдегі ең бай кәсіпкерлер қатарына кіреді.
Тасмағамбетова Рақышевпен бірге «Сәби» қайырымдылық қорын құрған. 2002 жылдан бері қор әлеуметтік жобаларға шамамен 20 млрд теңге бағыттаған. Жұбайымен бірге Shoqan School жекеменшік мектебін және кейін Shoqan Academy білім беру саласындағы консалтингтік компаниясын құрған. Одан бөлек Тelli Ondiris косметика зауыты, ASIYA және Telli брендтері, сондай-ақ Telli биобутигі бар.
Даниель Ким

Эдуард Ким – Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі. 75 бизнесменнің рейтингінде 52-орында, оның байлығы 197 млн доллар деп бағаланған. Ким әулеті Қазақстан мен Қырғызстандағы «Technodom Оператор» АҚ-ның негізін қалаушысы әрі иесі. Оның мұрагерлерінен тек ұлы Даниэльді ғана білеміз. Әкелі-балалы кәсіпкерлер Airba Fresh маркетплейсіне иелік етеді.
Жоба тікелей Technodom қолдауымен іске қосылған. 2022 жылдың қарашасында Алматыда жұмысын бастады. Forbes Kazakhstan мәліметінше, жобаға бастапқы кезеңде 4 млрд теңге салынған. Жоба үлкен жоспармен, жарнамамен басталды, дегенмен ұзаққа созылмаған тәрізді.
2026 жылы Airba Fresh сервисі Алматыдағы жұмысын тоқтататыны белгілі болды. Кей дереккөздің жазуынша, компанияны Halyk Bank сатып алуы мүмкін. Өкінішке қарай, Даниель Ким туралы ашық деректерде артық ақпарат жоқ.
Арсен Алагөзов
Арсен Алагөзов – кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовтің ұлы. Қазір ол Шымкент сыра зауытының директоры, көпшілік осы қызметтен кейін Арсен туралы біле бастады. Бұл қызметке оны әкесі 2026 жылдың қаңтарында тағайындаған.
Арсен бұған дейін Канадада сегіз жыл өмір сүріп, кейін Мәскеудегі консалтинг компаниясында жұмыс істеген. Кейін әкесімен қарым-қатынасын жақсартқаннан кейін ол холдингтегі сыра бағытына жауапты болып, Шымкенттегі зауытты басқаруға келген. Ол ұзақ жыл әкесімен араласпай, оның кәсібіне арқа сүйемей, бөлек өмір сүрді. Енді – отбасылық капиталдың бір бөлігін басқарып отыр, ары қарай кәсіпкерлік жолы қалай өрбитіні қызық.