Астанада «Astana Finance Days» қаржы форумы өтіп жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Астанада «Astana Finance Days» қаржы форумы өтіп жатыр
Астанада «Astana Finance Days» қаржы форумы өтіп жатыр / фото: kursiv.media

Астанада «Astana Finance Days 2026» IX қаржы форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараның тақырыбы «Delivering Impact: Capital in Action» тақырыбына арналған, яғни алаңда экономикада практикалық нәтижелерге қол жеткізу жолдары талқыланады, деп хабарлайды kursiv.media.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Әкімшілігінің өнім жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішевтің айтуынша, форумға 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген.

Оның сөзінше, іс-шараға 90 елден келген компаниялар мен инвестициялық қорлардың өкілдері қатысып жатыр. Олардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі шамамен 26 триллион долларды құрайды.

«Бұл біз үшін инвесторларға Қазақстанның стратегиялық басымдықтары, қолданыстағы мүмкіндіктер мен әлеуетті серіктестер туралы айтып беруге үлкен мүмкіндік», – деді спикер.

Екі күн бойы форум қатысушылары цифрлық теңгені, токенизацияны, жасанды интеллектті және оның қаржы секторларында қолданылуын талқылайды.

«Бүгінгі таңда капитал үшін бәсекелестік тек тартымды жағдайларды ғана емес, сонымен қатар мүмкіндіктерді нақты жобалар мен инвестицияларға айналдыра білу қабілетін талап етеді. Бұл – Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action мәні. Идеялар практикалық шешімдерге, инвестициялық жобаларға және ұзақ мерзімді серіктестіктерге айналуы үшін біз инвесторларды, реттеушілер мен бизнесті біріктіріп отырмыз», – деп атап өтті АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.

Астанада «Astana Finance Days» қаржы форумы өтіп жатыр / фото: kursiv.media

Басты бағыттардың бірі – жаңадан құрылған тау-кен компанияларына инвестиция тартуға көмектесетін «Junior Mining Platform» бағдарламасы. Жұмыс тобы Оман, Ұлыбритания, Қытай және басқа елдердің инвесторларына ұсынылатын 23 жобаны іріктеп алды.

Астанада «Astana Finance Days» қаржы форумы өтіп жатыр / фото: kursiv.media

Сонымен бірге форумға әлемдік жетекші қаржы институттарының өкілдері қатысып жатыр. Олардың қатарында басқаруындағы активтері 15 триллион доллардан асатын әлемдегі ең ірі активтерді басқарушы BlackRock, сондай-ақ Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield, E Fund Management, Rothschild & Co., IFC Asset Management Company, Hong Kong Investment Corporation және басқа да жаһандық қаржы ұйымдары бар.

Сондай-ақ оқыңыз