Балаларды фастфуд жарнамасынан қорғау: министрлік жаңа талап ұсынды

Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд пен тәтті сусындар жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.
Министрлік келтірген зерттеу деректеріне сәйкес, 6-9 жастағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Енді ведомство фастфуд жарнамасын шектеуді ұсынып отыр.
«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды», – деді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева.
Ұсыныстар халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескеріле отырып әзірленген. Ведомство өкілдері ұсынылып отырған шаралар өнімдердің өзіне тыйым салуға емес, олардың балалар арасында жарнамалануын шектеуге бағытталғанын атап өтті.
Министрлік өңірлерге профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен ата-аналарға дұрыс тамақтану туралы ақпарат беруді арттыруды тапсырды.
Бұған дейін Тоқаев Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған. Ол мұндай жарнама балалар мен жастар арасында зиянды әдеттердің қалыптасуына ықпал етіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыруы мүмкін екенін айтқан.
Оқи отырыңыз: Фастфуд баланы қалай қызықтырады, ал пайдалы тағам неге мықты маркетингке мұқтаж