Исландия Трамптың картасы үшін АҚШ-қа наразылық білдірді

Исландия үкіметі АҚШ президентінің әрекетіне наразы. Оған Дональд Трамптың әлеуметтік желіде жариялаған картасы себеп болған деп хабарлайды Kursiv Media.
Исландия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, министр Торгердур Катрин Гуннарсдоттир АҚШ елшісін шақырып, картаға қатысты қатаң қарсылық білдірген. Министр мұндай картаның жариялануын «мүлдем қолайсыз» деп бағалаған.
Трамп жариялаған картада Солтүстік Америка аумағы өзгеше бейнеленген. Канада, Гренландия, Мексика және Исландия АҚШ туының түстеріне боялып, барлығы «Америка Құрама Штаттары» деген бір атаумен белгіленген. Алайда картада оның мақсатын түсіндіретін ешқандай қосымша ақпарат болмаған. Ресми Вашингтон да Исландия үкіметінің әрекетіне еш реакция білдірген жоқ.
Euronews жазуынша, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі АҚШ-тың рөлі маңызды. Исландия 1944 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан бері жеке қарулы күштерді ұстамай келеді. Елдің қорғанысы НАТО-ның негізін қалаушы мүшелерінің бірі ретіндегі мәртебесіне және 1951 жылы Вашингтонмен жасалған қорғаныс келісіміне сүйенеді.
Бұған дейін Трамп «Канада АҚШ-тың 51-штаты, Гренландия – 52-штаты, ал Венесуэла – 53-штаты болуы мүмкін» деп мәлімдеген.