«Кулуар болмайды»: Құрылтайда жұмыс істеудің жаңа ережесі бекітілді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Политолог: «Құрылтай» усилит систему сдержек и противовесов в Казахстане
фото: gov.kz

Елдің жаңа парламенті – Құрылтай журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу тәртібін бекітті деп хабарлайды Kursiv.Media. БАҚ өкілдеріне қойылатын талаптар және олардың құқықтары мен міндеттері жазылған құжат 7 қыркүйекте Құрылтай сайтында жарияланған

Депутатты дәлізден ұстап алу болмайды

Құрылтайдың БАҚ-пен жұмысындағы басты өзгеріс – енді кулуарда депутаттарды күтіп алу, оларға сұрақ қою азаяды. Журналистер баспасөз қызметі келіскен орындарда ғана сұхбат жаза алады, дәлізден кездестіріп, сұрақ қою үшін де рұқсат алуы керек.

«Құрылтай ғимаратында фото, видео және аудиожазба Құрылтайдың баспасөз орталығында, сондай-ақ баспасөз қызметімен келісілген өзге орындарда жүргізіледі», – деп жазылған құжатта.

Енді депутаттар тілшілермен баспасөз орталығында өтетін брифингтерде, жиындарда кездесе алады. Құжатта Құрылтайдың БАҚ өкілдері қатысатын осындай іс-шаралар өткізу тәртібі де бекітілген. Мәселен, журналист спикерге сұрақ қоймас бұрын өзін және қай БАҚ-тан аккредиттелгенін таныстыруы керек. Модератор журналистердің сұрақ қою кезегін белгілей алады және бір журналистің қоятын сұрақтарының санын шектей алады. Сұрақтар алдын ала жарияланған брифинг тақырыбына сай қойылуға тиіс. 

Журналистерді аккредиттеу

Ережеге сәйкес, журналистерді аккредиттеуді Құрылтай аппаратының баспасөз қызметі жүзеге асырады. Журналистерді тұрақты және уақытша аккредиттеу қарастырылған. Тұрақты аккредиттеу Құрылтай ғимараттарында тұрақты жұмыс істейтін журналистерге, сондай-ақ редакцияның Құрылтай қызметін жариялауға қатысты тапсырмаларын орындайтын БАҚ өкілдеріне беріледі. Аккредиттеу Құрылтай сессиясының жұмыс кезеңіне рәсімделеді. 

Құжат бойынша аккредиттеу жылына екі рет – ақпан және тамыз айларында жүргізіледі. Ал Құрылтай өткізетін жекелеген іс-шараларды ақпараттандыру үшін БАҚ уақытша аккредиттеу рәсімдей алады. 

Баспасөз қызметі аккредиттеуден бас тарта алады, оған бірнеше себеп бар. Мысалы, БАҚ қызметін тоқтату туралы сот шешімі күшіне енсе, қажетті құжаттар толық тапсырылмаса, БАҚ тиісті тізілімде болмаса немесе журналистің аккредиттеуден айырылған мерзімі әлі аяқталмаса, оған аккредиттеу берілмейді. Журналист мұндай шешіммен келіспесе, заңда белгіленген тәртіппен шағымдана алады.

Сонымен қатар журналист бұрын алған аккредиттеуінен айырылуы мүмкін. Бұл редакция басшысының немесе БАҚ иесінің өтініші бойынша, сот журналист жариялаған ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп таныса, БАҚ қызметін тоқтату туралы сот шешімі шықса немесе Құрылтайда белгіленген талаптар екі реттен көп бұзылса қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда журналист алты айға дейін аккредиттеу құқығынан айырылады.

Ал уақытша аккредиттеу Құрылтайдың белгілі бір іс-шарасын ақпараттандыру үшін ғана беріледі. Оны іс-шараға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын рәсімдеу қажет. 

Құрылтай депутаттарының БАҚ өкілдерімен жұмыс істеу форматы өзгеретіні туралы бұған дейін хабарланған. Алғашқы отырыс өткен күннен-ақ тілшілерді депутаттарға жолықтырмай, кулуарға шығатын есікті де жауып тастаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз