Әлеуметтік желідегі буллинг көбейген: депутат балаларға қатысты жаңа шектеу ұсынды

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстанда кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа талаптар енгізу мәселесі көтерілді. Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуын шектеу тетігін әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Бұл жайлы Құрылтай депутаты Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында айтты.

Әшімжанның сөзінше, мәселенің өзектілігін балалар арасындағы буллинг көрсеткішінің өсуі де көрсетеді. Балалар әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10-18 жастағы жасөспірімдердің әлеуметтік желі арқылы буллингке ұшырауы 2024 жылғы 15 пайыздан 2025 жылы 33,5 пайызға дейін артқан.

Депутат әлеуметтік желінің бала өміріне ықпалы тек кибербуллингпен шектелмейтінін атап өтті.

«Интернетті шамадан тыс пайдалану баланың оқуына, кітап оқуына, спортпен айналысуына және отбасымен араласуына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар бұл жағдай жасөспірімдердің зейіні мен ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау қабілетіне де әсер етеді. Әлемнің бірқатар елінде балалардың әлеуметтік желіге кіру жасына байланысты шектеулер енгізіліп жатыр. Мысалы, Австралия 16 жасты шекті жас ретінде белгіледі. Бразилия, Индонезия және басқа да мемлекеттерде осыған ұқсас шаралар қарастырылған. Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет», – деді депутат.

Сонымен қатар ол шектеу енгізу кезінде бірқатар практикалық мәселені ескеру қажетін жеткізді. Атап айтқанда, платформалар қолданушының жасын қалай анықтайтыны, балалардың жеке деректерінің қалай қорғалатыны және жалған аккаунттар арқылы талаптарды айналып өтуге қалай жол берілмейтіні нақты шешілуі тиіс.

Депутаттың пікірінше, білім алу үшін қажетті цифрлық ресурстарға балалардың қолжетімділігі де сақталуы керек.

Осыған байланысты ол Үкіметке 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеудің нақты механизмін әзірлеу, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және мектептерде медиасауат пен цифрлық гигиенаны оқытуды жүйелеуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Әшімжан әлеуметтік желілердің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысына және оқу үлгеріміне ықпалын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық мониторинг жүйесін енгізуді сұрады.

«Заң қабылдаумен ғана мәселе шешілмейді. Ең бастысы оның нақты орындалу тетігін қалыптастыру. Біздің мақсатымыз – балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Жанарбек Әшімжан.

Сондай-ақ оқыңыз