Қырғыз жүргізушісіне көлік сыйлау: депутат Қожаназаровтың әрекетіне пікір білдірді

Көкпар федерациясының басшысы әрі Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасын ерекше ықыласпен таныстырған қырғызстандық жүргізуші Айзада Жамгырчиеваға жаңа автокөлік сыйлаған еді.
Сыйлық әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, кей қолданушылар оны пиар және популизм деп бағалады.
Осыған байланысты депутат Олжас Кұспеков пікір білдіріп, автокөлік Қожаназаровтың жеке қаражатына алынғанын және бұл бастаманың партияға немесе мемлекеттік бюджетке қатысы жоқ екенін айтты деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Егер адам Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, ел атынан құрмет білдірсе, бұған күмәнмен қараудың қажеті жоқ. Бұл оның жеке жомарттығы. Ол бұл қадамға федерация президенті әрі меценат ретінде барды. Бұл сыйлықтың партияға да, мемлекеттік бюджетке де еш қатысы жоқ. Мұнда ешқандай артық нәрсе жоқ», – деп атап өтті Кұспеков.
Оның сөзінше, бұл Қазақстанды халықаралық аренада құрметпен танытқан жүргізушіге көрсетілген жеке қолдау әрі екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың көрінісі.
Айзада Жамгырчиева да сыйлықты жоғары құрметтің белгісі ретінде қабылдағанын айтып, бұл жағдай Қазақстан мен Қырғызстан халықтары арасындағы достықтың беріктігін көрсеткенін атап өтті.