Тимур Турлов FIDE дебатында шахматқа 6 млн доллар инвестиция тартылатынын мәлімдеді

9 қыркүйекте Chess.com платформасында Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті лауазымына үміткерлер дебаты өтті. Қазақстан шахмат федерациясының төрағасы Тимур Турлов ауқымды қаржы инвестициялары, корпоративтік ашықтық және технологиялық дамуға сүйене отырып, ұйымды түрлендірудің өз стратегиясын ұсынды.
Дамуға құйылған инвестициялар
Қазақстаннан қатысушы кандидаты сайлауалды бағдарламасы негізінде ұлттық федерацияларды қолдауға арналған даму қорын құруды ұсынды. Қаражат қаржылық теңсіздікті жою және дамушы елдерде инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталады.
«Бұл қор 6 млн доллардан асып, әрбір нақты федерацияда ашық турнирлер өткізіп, төрешілер мен жаттықтырушыларды даярлауды қамтитын болады деген үміттемін. Осы шаралар жиыла келе бүкіл әлемдегі көптеген дамушы федерацияларға орасан зор серпін бере алады», – деді Тимур Турлов дебат барысында.
Осындай инвестициялардың тиімділігін дәлелдеу ретінде ол мақсатты қаржыландырудың арқасында өткен жылы 140-тан астам медаль жеңіп алған қазақстандық спортшылардың нәтижелерін мысалға келтірді.
Ашықтық және NASDAQ стандарттары
Турлов федерацияның қаржылық тәуелсіздігі мен ашықтығы мәселелеріне ерекше назар аударды. 10 мыңнан астам қызметкері және 12 миллион клиенті бар компанияны басқару тәжірибесіне сүйене отырып, ол ФИДЕ-ге жария компанияларға қолданылатын ашықтық стандарттарын енгізуді көздейді.
«Басты кепіл – менің беделім, өйткені бұл менің ең үлкен активім және мен оны қандай да бір мүдделер қақтығысы үшін тәуекелге тігуге ниетім жоқ. Мен NASDAQ-тағы жария компанияны басқарамын және АҚШ-тың бағалы қағаздар мен биржалар жөніндегі комиссиясына есеп беремін. Мен тәуелсіз директорлар және аудиторлармен қалай жұмыс істеу керегін, есептілігіміздегі ашықтықты қалай сақтау керектігін білемін», — деп атап өтті кандидат.
Цифрландыру және шахматтың болашағы
Сонымен қатар Турлов читтерге қарсы озық технологияларға инвестиция құю және ресми онлайн-турнирлер үшін биометриялық сәйкестендіруді енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл ретте ол дәстүрлі классикалық форматты сақтай отырып, көрермендердің қызығушылығын ұстап тұру үшін «жылдам классика» бойынша жарыстар өткізу идеясын қолдады.
«Меңің қазіргі мақсатым – сүйікті шахматымызды одан әрі көрнекті ету, сондай-ақ қоғамға нақты пайда әкелу. Мен ФИДЕ-дегі карьерамды ұйымды әлдеқайда мықты, тәуелсіз әрі қуатты күйінде қалдыра отырып аяқтағым келеді», – деп түйіндеді сөзін спикер.
Қазақстан өкіліне еуропалық кәсіпкерлер Ян-Хенрик Бюттнер мен Вадим Розенштейн бәсекелес болды. WR Group компаниясының негізін қалаушы Вадим Розенштейн ФИДЕ басшылығының 200-ден астам ұлттық федерация алдында толық есеп беруі қажеттілігі туралы қысқаша кіріспе мәлімдеме жасап, трансляциядан уақытынан бұрын шығып кетті.
Freestyle Chess турнирінің қосалқы негізін қалаушы Ян-Хенрик Бюттнер өз науқанын қатаң коммерцияландыру идеясы төңірегінде құрды. Ол Fortune 500 тізімінен демеушілер тартуға және ФИДЕ-нің барлық жиынтық кірісінің 20%-ы міндетті түрде ұлттық федерациялар арасында бөлінетін модельді енгізуге уәде берді.
24 шілдеде «Курсивке» берген сұхбатында Тимур Турлов FIDE президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдағанын айтқан.